Балаларымыз Фарабиді өзге елдегі құрдастарына насихаттайтын деңгейде болуы керек – ғалым

11 Мамыр 2020, 14:40
4238
Бөлісу:
Балаларымыз Фарабиді өзге елдегі құрдастарына насихаттайтын деңгейде болуы керек – ғалым
Сұхбат PHOTO
Фото: дереккөз

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл әл-Фарабидің 1150 жылдығы республика көлемінде атап өтіліп жатыр. Ғұламаның еңбектерін насихаттауға мемлекет те терең ден қойды. Өз кезегінде Фарабидің еңбектерін рухани жаңғыртуға еліміздің бүгінгі ғалымдары да барынша атсалысуда. 

Қазақ жерінен шыққан ойшыл туралы еңбектері мен пікірлері баспасөз беттерінде жиі көріне бастады. Осы орайда, Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымының кандидаты Негматжан Алметов Әл-Фараби мұрасының цифрлық қоғамдағы әлеуметтік ролі туралы пікірімен бөлісті.

– Биыл әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Ғұлама ғалымның еңбектерімен ең алғаш қай кезден бастап таныс бола бастадыңыз? Оның еңбектерін қандай ғалымдар зерттеді?

– Әл-Фараби тұлғасына, оның бізге қалдырған ғылыми мұрасына қызығушылықтың шыңын мен сол бір бала кезімде, ұлы ғұламаның 1100 жылдығы атап өтілген 1970-ші жылдарда байқағанмын. Сол кезде бүкіл Орталық Азия және Қазақстан, Кеңес Одағының түрлі аймақтарындағы ғалымдар әл-Фараби мұрасына арналған көптеген іргелі зерттеулер, ғылыми-әмбебап мақалалар жариялады. Әл-Фарабидің тұлғасы, еңбектері, олар туралы зерттеулер кең пікірталас алаңының нысанына айналды. Фараби феномені халықтың ішінде кеңінен таралған. Одан кейін де әл-Фараби тұлғасы мен оның мұрасына қызығушылықтар толастаған емес.

ХХ ғасырдың 60-шы жылдары Юрий Гагарин мен космонавтика балалар мен жасөспірімдер арасында қаншалықты танымал әрі кеңінен таралған болса, 1970-ші жылдардың басында әл Фараби есімі де халық арасында шынайы түрде "аңыз адамға" айналды. Бірде Ташкентте Низами атындағы педагогикалық институтта оқитын әпкем қазақ тіліндегі қоңыр түсті әл Фараби туралы кітапты ұстаздарынан сұрап алып келіпті. Кітапты қолыма алып оның сыртындағы Фарабидің бейнесіне ұзақ қарадым. Бірақ кітаптың ішінен ешқандай сурет іздеп таппағаным есімде. Ол кезде әлі мектеп табалдырығын да аттамағанмын. Әпкем Фарабидың педагогикалық көзқарастары туралы диплом жұмысын жазған кезде мен әріп танитынмын. Ғұламаға қызығушылық танытқанымыз соншалық, сол кездегі колхоздың парткомы нағашым жаңа туған ұлына Фараби есімін қойды. Туысқанымның тәртібі мен мектептегі үлгерімін ойшылдың атына сай келмейді деп, мұғалімдері жиі ескертетін. Бірақ нағашымның баласы есейген соң философ болмаса да заманына сай табысты адамға айналып, өзіне қойылған атақты есімді ақтады.

Жалпы, Фарабитанудың шыңы жаңа айтып өткенімдей өткен ғасырдың 70-ші жылдарына тұспа-тұс келеді. Сол кездері Фараби тұлғасы мен мұрасы туралы қомақты еңбектер жарияланды. Фараби мұрасын зерттеуде М.Хайруллаев, Б.Касымжанов, Ә.Марғұлан, А.Машанов, О.Жәутіков, Ә.Нысанбаев, А.Кенесарин, Ғ.Құрманғалиева, А.Уразбекова, т.б. еңбектерін ерекше атап өту керек. Фарабидің педагогикалық мұрасына арналған зерттеулерде А.Измайлов, А.Машкевич, К.Салимова, А.Кубесов, Х.Тллашев, Н.Аль-Джинди, К.Жарықбаев, С.Калиев т.б. сіңірген еңбегі мол. Осы аталған ғалымдардың ізденістерінде ғұламаның жалпы педагогикалық және дидактикалық идеялары кеңінен көрініс тапқан.

Ал бертін егемендік алған жылдары Қазақстанда әл-Фараби мұрасын зерттеу бағытындағы жұмыстардың жаңа кезеңі басталды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғұламаның өмірі мен мұрасын зерттейтін ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Ұлттық университет Фараби мұрасына арналған бірнеше халықаралық ғылыми конфренциялар, конгресстер ұйымдастырды. Сонымен қатар ұжымдық жинақтар, бірнеше монографиялар басылды. Әл-Фараби мұрасын Ә.Дербісәлиев, К.Тәжікова, Ә.Нысанбаев т.б. әйгілі отандық ғалымдар зерттеді. Ұлы ойшылдың бай мұрасын қамтыған барлық білім – қазіргі қоғамның санадағы айналымын әлдеқайда күшейте түспек. Әл-Фараби мұрасын насихаттау бағытындағы іс-шаралар жұртшылықты, соның ішінде жастарды оның мұрасына қайта бет бұруға ынталандырады. Сондай-ақ, биылғы мерейтойдың арқасында ғалым туралы зерттеулердің саны да, сапасы да, көлемі де арта түсері анық.

ФАРАБИ1.JPG

– Айтыңызшы, кеңес дәуірі ғалымдары Фараби мұрасын қалай зерттеген екен? Өйткені, ол кезеңдерде тіліміз бен ділімізді ұлықтауға, ашық насихаттауға тыйым салынды. Оларды мақтамақ тұрмақ, жай ауызға алудың өзі қорқынышты болатын. Сөз бостандығы жоқ кездің өзінде Фараби мұрасы біздерге қалай жетіпті?

 – Сұрағыңыз орынды. Кеңес дәуірінің ғалымдары Фарабидің еңбектерінің маңызын төмендетпей, сол дәуірдің саясаты, идеологиясы, білім беру ұстанымдары немесе ғылыми әдіснамасы негізінде зерттегенін атап өту керек. "Фараби материалист пе немесе идеалист пе?" деген сұрақ астарындағы зерттеулер, сондай-ақ оның мұрасына диалектикалық-материалистік ғылыми әдіснама тұрғысынан жасалған зерттеулер ХХІ ғасырдағы ғылыми ақиқат өлшемдеріне тура келмейтіндігі сөзсіз. Қазіргі демократиялық қоғам мен ғылым тұрғысынан Фарабиді зерттеу – оның мұрасына жаңаша көзқараспен қарауға, яғни біз пайымдамаған жаңа қырларын ашуға мол мүмкіндік береді. Демек, Фараби мұрасы ғылымның қазіргі әдіснамалық ұстанымдары тұрғысынан қайта қаралуы керек. Яғни Фараби мұрасын соңғы отыз жыл көлемінде қоғамымыздағы түбегейлі өзгерістер аясында зерделеу, оның еңбектерін жаңа көзқарастар тұрғысынан оқып-үйренудің, прогрессившіл идеяларын рухани жаңғыру кезеңіндегі қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларында, білім мен ғылым, жастар тәрбиесіне ендірудің уақыты келді деген пікірдемін.

 – Біз әл-Фарабиді қаншалықты білеміз, яғни оның тұлғасы мен бізге қалдырған мұрасын қай дәрежеде оқып үйренгенбіз?

 – Фараби өзінің педагогикалық идеяларында ортағасырлық Шығыстың кемел адамды тәрбиелеуге бағытталған ең үздік ұмтылыстарын қорытады. Оның идеялары өз заманы үшін прогрессивті болған. Мәселен, философиялық ойлары тек Шығыстың ғана емес, Батыстың да прогресшіл педагогикалық ойларының одан әрі дамуына оң әсерін тигізген. Фараби мұрасы туралы біздің, қарапайым азаматтардың, әсіресе оқушы-жастардың бар білетіні өте шектеулі. Неге десеңіз, қазіргі білім беру жүйесіндегі Блум таксономиясы бойынша қарастырсақ, өкінішке қарай тану мен шамалы түсіну деңгейінен әрі аспайды. Ұлы даланың танымал перзенті ретінде әл-Фарабиді мақтан тұтамыз. Бірақ Фараби туралы сұрайтын болса, көпшілігіміз тіпті жоғары білім алған жастарымыз да кейде бір-екі еңбегін айтып беруге қиналамыз. Өйткені, Фарабиді "Қазақстан тарихы", "Философия", т.б. гуманитарлық пәндерде шамалы ғана оқығанбыз, тест сұрақтарына жауап бере аламыз, осымен жеткілікті секілді.

 – Ендеше жастарды ғылымға және өз елімізден шыққан ғұламаларды құрметтеуге үйрету үшін не істеу қажет деп ойлайсыз? Қандай ұсыныс жасаған болар едіңіз?

 – Мен сізге айтайын, қазіргі кезде педагогикалық оқу орындарында педагогиканың тарихы жеке пән ретінде оқытылмайды. Бұдан болашақ мұғалімдеріміздің тарихи-педагогикалық ойлауы туралы не деуге болады? Мұндай мұғалімдер қалай балаларға Фарабиді үйретеді? Оның мұрасына жоғары деңгейдегі танымдық қызығушылықтарды қалай қалыптастыра алады? Фараби мұрасына мұндай әрекетпен лайықты бола алмасымыз анық. Ұлы ғұламаның еңбектерін әмбебап түрде баспаға даярлау, брошюралар, балалар мен жастар үшін көрнекті кітаптар шығару, жастардың медиаөнімдерге, цифрлық құралдарды тұтынуға деген жоғары дәрежедегі қызығушылықтары мен ұмтылыстарын дұрыс бағыттау аса маңызды. Біздің балаларымыз Фарабиді мақтан тұтатын, оның мұрасын білетін және өзге елдердегі құрдастарына насихаттайтын деңгейде болуы керек. Танымға, білімге бейім жастарымыздың Фарабитану бағытындағы оқу-зерттеу, ғылыми-зерттеу жұмыстарына жоғары деңгейде жағдай жасауымыз қажет.

 ФАРАБИ2.JPG

– Әл-Фараби мұрасының өміршеңдігі неде? Оның қандай идеялары ғасырлар бойы өзінің өзектілігін жоғалтпады?

– Фараби өз заманы үшін ең өзекті мәселелерді қарастырды, олардың шешімі туралы үздік ойларды қорытты. Фараби көтерген мәселелер және олардың ғылыми шешімдерінен философия, психология, педагогика, этика, музыка, т.б. көптеген ғылым салаларының зерттеулері бастау алды. Ол ғылыми танудың жолдарын негіздеді. Атап айтқанда, Фараби көтерген мәселелер әлеуметтік өмірдегі, ғылымдағы, білімдегі ғасырлар сынағына төтейтін "мәңгі" мәселелер, яғни біздің заманымызда да сол мәселелер жаңа формада көрініс табады. Демек, әл-Фарабидің идеялары аясында қазіргі әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық, этикалық, логикалық мәселелерді зерттеу аса өзекті. Фарабидің қызметі оның ғылымға қосқан мынандай үлесімен сипатталатынын жіктеп кетейін. Ол алғаш өз заманындағы ғылымдарды жіктеуге талпыныс жасады, логика және музыка теориясы мәселелерімен жүйелі жұмыс жасай білді. Көне грек философиясын насихаттау, көне әлемнің "ең әмбебап мифы", Аристотелдің және басқа да грек философтарының (Стангирит, Платон, Гален, Евклид, Порифий, Александр Афродизийский, т.б) еңбектеріне түсініктеме және шығармашылық түсіндірмелерімен кең танымал болды. Оның математика, алхимия, астрономия, медицина, араб грамматикасы, философия мәселелері, поэтикаға арналған трактаттары бар. Әсіресе оның шығармаларында философия мәселелері ерекше орын алады. Ғылымның нақты өзегін қарастыра отырып, ғұлама оның теориялық аспектілеріне қызықты, жалпы философиялық негіздерін, олардың шынайы әлем құбылыстары жүйесіндегі орны мен жалпы байланыстарын анықтауға талпыныс жасады. Айталық, ғұлама әлемнің материалдығын мойындамауы үшін Платонды сынайды, табиғатты шынайы және объективті тіршілік етеді деп есептейді. Оның пайымынша адам табиғаттың жоғары жетістігі және өзінің ақылының арқасында айналадағы әлемді жан-жақты тануы мүмкін. Идеал мемлекет туралы әлеуметтік және саяси идеялары (утопиясы) бар. Өзінің еңбектерінде әлеуметтік, қоғамдық-саяси идеяларының орталығына адамның және адамзаттың жан-жақты кемелденуі, олардың жалпыға бірдей бақытқа, ең жоғары ізгілікке қол жеткізуінің әдістері мен жолдары туралы идеяларын ашып көрсеткен. Оның дүниетанымы жоғары гуманды болуымен де ерекшеленеді. 

– Әл-Фараби идеяларының қазіргі қоғам үшін маңызы, цифрлық қоғамдағы, рухани жаңғыру үдерістеріндегі орны қандай? Фараби мұрасын, идеяларын қазіргі қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларында қалай жүзеге асыруға болады?

– Егер Фараби мұрасы өмірде, шынайы практикада пайдаланылмаса, оның идеялары утопия деңгейінде, ал адамдар санасында жай білім мен түсініктер дәрежесінде қалады. Фараби мұрасына прагматикалық тұғырлы қатынас – ұлы ғұламаның бізге қалдырған бай мұрасын қоғамдық өмірде пайдаланудың басты шарты. Мемлекеттік басқару, білім мен тәрбие, өнер, т.б. салаларда әл-Фараби мұрасы кең қолданысқа ие болуы мүмкін. Мәселе, Фарабидің нақты идеяларын нақты мақсаттарға қол жеткізу үшін пайдалану. Фараби мұрасын өзектендіру арқылы білімдер салтанатына қол жеткізуге толыққанды негіз бар. Біздерге білімге, ғылымға деген құштарлықты Фарабиден үйренбек керек. Ел бірлігі – Фарабидің ізгі, кемел қоғам туралы идеяларына сәйкес. Әділетті, кемел қоғам басшысы туралы әл-Фарабидің идеяларына біздің Елбасы және мемлекет басшысы толықтай мысал бола алады. Фараби тұлғасы және мұрасы біздің заманымыз үшін өзекті тақырып. Фарабиді оқып-үйрену, оның идеяларын объективті бағалай білу, шынайы мағынасына жету, өмірде қолдану, қазіргі рухани жаңғыру үдерістері қырынан бағалау – Ұлы даланың ұлы ғұламасына деген шынайы құрметтің, қазіргі жастар және болашақ ұрпақ алдындағы жауапты миссиямызды орындаудың аса маңызды міндеті деп білеміз.

– Ғұламаның "Екінші ұстаз" атануының қандай ерекше маңызы бар? 

– Фараби көне заман данышпандарының данышпаны "Бірінші ұстаз" Аристотельдің, басқа антикалық ойшылдардың еңбектеріне түсініктемелер жазып, көне грек философиясын насихаттап, "Екінші ұстаз" атағын алған. Бірақ, Шығыс халықтары өзіне ұстаз деп мойындаған Фараби тұлғасын қалай танымауы қалуы мүмкін? Өзінен алдын өмір сүрген ғұламалар, ғалымдар, өнер өкілдерін өзінің ұстазы деп білетін тұлғалар да аз емес. Қазір де Фарабиді өзіне ұстаз деп білетіндер көп. Ұлы ғұлама бізге өз мұрасымен, еңбектерімен ұстаз болады. 

– Ғұламаның ізгі қоғам жасауға деген ұмтылысы расында жүзеге асатын дүние ме әлде қиял-ғажайып па?

– Фарабидің идеялары ғылыми тілмен айтқанда утопияға жатады, ал ол утопист (қиялшыл) деп бағаланады. Тарихта көптеген қиялшылдардың болғанын білеміз. Бірақ қиялшылдардың идеялары, қиялдары соншама жүзеге аспайтын көзқарас, жоспар десек шындыққа сай келмейді. Әлемдегі қаншама Ұлы істер қиялдан, идеялардан бастау алған. Сол идеялар ондаған жылдардан, ғасырлардан кейін келесі ұрпақтар тарапынан өмір шындығына айналып жатады. Мысалы, космосқа, айға ұшу туралы Циолковский және басқа да ғалымдар мен ойшылдардың идеялары, фантаст жазушылардың қиялдары, тіпті бір ғасыр бұрын қоғам санасында жай утопия ретінде бағаланған. Сол сияқты Фарабидің ізгі қоғам жасауға ұмтылысын жүзеге аспайтын қиял деуге мүлдем келісуге болмайды. Ізгі қала, ізгі мемлекет, ізгі әлем идеясы бүгінде толық болмаса да, шамалы шындыққа айналған ақиқат. Мемлекет басқарудағы гумандық және демократиялық принциптер, адам капиталын дамыту, тұлғаның үздіксіз танымы, білім алуы, білімнің ізгілікке бағытталуы біздің заманымызда жүзеге асырылған идеялары емес пе? Фарабидің арманын келешекте бізден бірнеше есе жылдам дамитын қоғам мен сол кездің ұрпақтары жүзеге асырып жатса ол объективті заңдылық. Өйткені, Фараби идеялары түбінде бүкіл адамзатқа ортақ, білімдер ескірсе де ескірмейтін, таусылмайтын ізгілік ұстанымдарына жатады. Бақытты өмір сүру үшін келесі ұрпақ та ізгілік идеяларын тануға және жүзеге асыруға ұмтылатынына толық сенімдімін. 

– Фарабиді оқуға, білуге деген бес себепті жеке-жеке атап өтсеңіз.

– Қоғамды дамыту үшін, бірінші кезекте өзіміз дамуымыз, санамызды өзгертуіміз керек. Сананы білім, көзқарас, құндылық өзгерте алады. Ал оларды қалыптастыратын оқу, білу, тәжірибе. Өмірде адамды жақсылыққа, ізгілікке, бақытқа жетелейтін, пайдалы әрі дамытушы білімдер құнды саналады. Фараби мұрасы сондай білімдер санатына жатады. Фарабиды оқып-үйреніп, тереңіне бойласақ біз өзіміз үшін ойшылдың идеяларының жаңа, беймәлім қырларын ашамыз. Фараби мұрасы бізге дамытушы рухани азық, бағыт-бағдар береді. Сонымен, бірінші себепке тоқтала кетейін, Фараби тұлғасы, оның бізге қалдырған мұрасы біздің жүрегімізге жақын. Өйткені алыс елдерде білімін жалғастырып, ғылым тапқан Ұлы дала перзенті Ұлы дала халқының көзқарастары мен арманын, мұраттарын бейнелеген. Фарабиды мақтан тұтамыз, демек оны білуге, тануға, насихаттауға міндеттіміз деп ойлаймын.

Екіншіден, Фараби еңбектері өміршеңдігімен айрықшаланады, ғасырлар бойы өзектілігін жоғалтпай, танымдық және ғылыми қызығушылық танытқан, әрбір тарихи кезеңде өзіндік ерекше бағасын тапқан, адамзатты ойландыратын, оған күрделі қоғамдық мәселелерді шешуде бағыт-бағдар беретін идеялардың жиынтығы. Қазіргі әлемдік сын-қатарларға лайықты жауап іздеп отырған адамзат үшін Фараби кітаптарын қайта парақтап шығу артық етпейді. Біз оның мұрасынан қазіргі заманның көп сұрақтарына жауаптарды табамыз.

Үшіншіден, Фарабидың көзқарастары утопиялық сипатта болғанымен, бірақ идеялары соншама қиял түрінде қалып кеткен ойшылдар қатарына кірмейді. Адамзат ғасырлар бойы тиімді қоғамдық және мемлекеттік құрылыс жүйесін ізденуде. Әр тарихи кезең үшін өзінің озық қоғамдық-әлеуметтік жүйелері болары анық. Біздің заманымызда да мұндай жүйе жаратудың негізінде Ұлы дала ойшылдары, қазақ зиялыларының идеялары рухани бағыт-бағдар болады. Демек, қоғамдық өмірдің және ғылымның түрлі салаларында біз тағы да Фарабиге бет бұруға тиіспіз.

Төртіншіден, Фарабидің ізгі қоғам жасауға ұмтылысын жүзеге асыру Ұлы даланың жаңа ұрпақтары тарапынан жалғастырылады. Елбасы – Тұнғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан халқы Тәуелсіздік тарихында жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстанды қалыптастырды. Біздің өскелең ұрпағымыз оны нығайту, Қазақстан дамуының одан да амбициоздық жоспарларын құру және жүзеге асыруы керек. Оған – берік Рух керек. Бұл Рухқа азық беретін рухани байлықтардың бірі – ізгі қоғам құру заңдылықтары ашып көрсетілген Фараби мұрасы. Фарабиды оқып, оны терең біліп, оған жаңаша сын тұрғысынан қараған жағдайда балаларымыз жаңа белестерге қол жеткізеді.

Бесіншіден, Фарабитану бізге дейін және заманымыздағы ғалымдардың зерттеулерімен тоқтап қалмайды. Ол үшін студенттерге білім беру бағдарламарына тағы бір жаңа таңдаулы курс енгізу қажет емес. Фарабиды түпнұсқада оқитын, оны қазіргі білімдік көзқарастар тұрғысынан зерттейтін жаңа буын зерттеушілерін қалыптастыруға мән беруіміз керек деп есептеймін. 

– Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы