Балаларға тиесілі ақшаны ұстап қалған: Сот орындаушысы қызметінен қуылды

Сот орындаушысының берешекті ұзақ уақыт бойы есепке алмауы, қарыздың бар екендігі туралы мәліметтердің бұрмалануына әкеп соқтырған.

 ©BAQ.KZ архиві Бүгiн 2026, 18:04
Бүгiн 2026, 18:04
117
Фото: ©BAQ.KZ архиві

ШҚО-да алимент төлемегендерге қатысты қатаң шаралар қабылданды. 29 адам әкімшілік, 8 адам қылмыстық жауапқа тартылып, 328 баланың пайдасына 80 млн теңгеден астам қарыз өндірілді, деп хабарлайды  BAQ.KZ.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау және алимент өндіріп алу туралы сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.

Борышкерлерге қатысты мәжбүрлеу сипатындағы нақты шаралар, соның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға шектеу қою, іздеу жариялау, сондай-ақ заңмен белгіленген жауаптылыққа тарту шаралары қолданылуда.

2026 жылдың басынан бері 29 борышкер әкімшілік, 8 борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылды.

Сонымен қатар, сот орындаушыларының қызметіне тексеру жүргізілуде.

Мәселен, қадағалау қызметі барысында үш кәмелетке толмаған баланың пайдасына алимент өндіріп алу туралы атқарушылық өндірістердің бірі бойынша заң бұзушылықтар анықталды. Сот орындаушысының берешекті ұзақ уақыт бойы есепке алмауы, қарыздың бар екендігі туралы мәліметтердің бұрмалануына әкеп соқтырғаны белгілі болды, - деп хабарлады ШҚО прокуратурасы.

Бұдан бөлек, 2024 жылы өндірілген 300 мың теңге көлеміндегі қаражат өндіріп алушыларға ұзақ уақыт бойы аударылмаған және тек прокуратураның араласуынан кейін ғана бағытталған.

Аталған факті бойынша облыс прокуратурасы тәртіптік іс қозғау туралы қаулы қабылдады. Нәтижесінде сот орындаушысы Қазақстан Республикасы Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы мүшелігінен шығарылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 328 баланың пайдасына 80 млн теңгеден астам алимент бойынша берешек өтелді, - делінген прокуратура хабарламасында.

Облыс прокуратурасы балаларды асырап-бағу міндеті ата-анаға жүктелгенін ескертеді. Алимент төлеуден жалтару әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

Балалардың құқықтарын қорғау жұмыстары жалғасуда және тұрақты бақылауда.

Наверх