Балаларға арналған 100 кітап жарыққа шықты

1 Шілде 2021, 19:42
4570
Бөлісу:
Балаларға арналған 100 кітап жарыққа шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мәдениет және спорт министрлігінде онлайн форматта «2021 - Балалар әдебиеті жылы» аясында министрліктің ұсынысымен «Алтын сақа» балалар баспасынан шыққан 100 кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. 

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. 

Іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, «Алтын сақа» балалар баспасының директоры Қанат Ибрагимов, баспаның бас редакторы Саят Қамшыгер, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы, балалар жазушысы Мейіржан Жылқыбай, Серікбол Хасан, балалар әдебиетінің және БАҚ өкілдері қатысты.

Ақтоты Райымқұлова Министрлік бұл жүз кітапты республикамыздың барлық кітапханасы мен өнер ордасы, мәдениет ошағы арқылы насихаттауға, оқырмандарының табылуына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Тәрбиелік, танымдық, дамытушылық қырлары айрықша осы кітаптар еліміздің болашақ тұлғаларының қалыптасуына игі әсер етсін. Қазақ елінің болашағы – балаларымыз бен жастарымыз. Балаларын ойлаған елдің ертеңі нұрлы, шуақты, сәулелі екені айдан анық.

Сондықтан бүгінгі басқосуымызды пайдалана отырып осы баспаның басы-қасында жүрген Қанат Ибрагимовқа, Саят Қамшыгерге және 100 кітапты дайындаған барлық автор мен шығармашылық топқа алғыс айтамын.

Сонымен бірге биылғы «Балалар әдебиеті жылы» аясында осындай үлгіде кітап шығарып, жас бүлдіршіндеріміздің өсуіне, дамуына және ұлттық мәдениетіміздің насихатталуына үлес қосып отырған барлық баспа мен кітапханаға, балалар әдебиетінің өкіліне, көрнекті ақын мен жазушыға шын ризашылығымды білдіремін, - деді ол.

Айта кетейік министрлік тарапынан 2021 жылдың «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялануының нәтижесінде Алматы қаласында «Алтын сақа» балалар баспасы ашылып, жас оқырмандарға арнап кітап шығара бастады. Осы уақытқа дейін баспа балаларға арналған 100 кітап шығарып үлгерді.

Бұл 100 кітаптың ішінде балаларға арналған ертегілер бар. Ол ертегілердің авторлары Жібек Зинелова, Шразаддин Каниязов, Мейіржан Жылқыбай, Серік Ерғали, Мәліке Серғалы, Алуа Есболатқызы, Нұрберген Бақытұлы сияқты қаламгерлер. Балалардың қазіргі сұранысына сай жаңа ұрпаққа арналған бұл ертегілердің барлығы шағын көлемде, оқуға жеңіл, түсінуге оңай. Кітаптардың бір ерекшелігі – барлығында QR код бар. Ұялы телефонның QR коды арқылы ертегілердің бәрін тыңдауға болады.

Сонымен қатар кітаптың ішінде балаларға арналған әңгімелер де көп. «Ұлттық мереке», «Анам екеуміз», «Әке мен бала», «Өсер ұрпаққа өнеге», «Анам бәрін сезеді», «Сыйлық» сияқты әңгіме кітаптардың аттары айтып тұрғандай, ұлттық құндылықтарымызды әспеттер, бүгінгі жаңа заман балаларына жаңа талаптар биігінен жазылған.

Ал «Асыл мұра», «Жемістер», «Көкөністер», «Үй жануарлары» сияқты боямақтар кішкентай балаларға суреттерді бояп, сол заттар жайлы тақпақ оқып, жаттауға мүмкіндік береді. Мұндай қазақы дүниетанымдағы боямақтар ұл-қыздардың дұрыс тәлім-тәрбие алып, пайдалы ақпарат қабылдауын, бойларындағы жақсы қабілеттердің дамуын жетілдіреді.

«Ауа райы», «Көліктер», «Мамандықтар», «Жол ережелері», «Көңіл күй» тәрізді кішкене балаларға арналған танымдық кітапшалардың да маңызы айрықша. Бұл кітапшалар арқылы кішкене бүлдіршіндер айналаны таниды, қоршаған ортаны зерттеп біледі.

Осы 100 кітаптың ішінде аударма ертегілер де бар. Олардың қатарындағы Ханс Кристиан Андерсеннің «Қар патшайымы», «Қайсар қалайы солдат» сияқты көпшілікке мәлім 9 кітабын ерекше айтуға болады.

Бұл кітаптар жылтыр, офсеттік қағазда 2000 таралыммен жарық көрді. Кітаптарды арнайы саралаудан, іріктеуден өткізіп барып басатын жағдай қалыптасқан. Ол үшін тәжірибелі қаламгер, редактор, психологтардан тұратын арнайы сараптау комиссиясы жұмыс істейді.

Кітаптар Алмас Сырғабаев, Мақсат Алиев, Рамазан Пейізов, Анна Ноздрина сынды суретші-иллюстраторлардың суреттерімен әрленген.

Ақтоты Райымқұлова бүгін жас оқырманға жол тартатын кітаптар жарқын болашаққа қосылған қомақты үлес екенін айтып, дәл осындай игі жобалар алдағы уақытта да жалғасын таба беретініне сенім білдірді.

Өздеріңізге мәлім, Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысы бойынша биылғы 2021 жыл «Балалар әдебиеті жылы» болып жарияланды. Осы орайда жылдың басынан бері бірнеше іс-шара, жоба жүзеге асып жатыр.

Жылдың басында Алматы қаласынан ашылған «Алтын сақа» балалар баспасы да еліміздің бүлдіршіндеріне түрлі кітаптар шығара бастағаны көңіл қуантады. Әр жастағы балаларға арналған түрлі ертегілер, әңгімелер, тақпақтар мен жұмбақтар, аударма ертегілер мен әртүрлі шығармаларды шығарып жатқан баспаның өнімдері алдағы уақытта жас оқырмандардың көңілдерінен шығып, жүректеріне жете берер деген ойдамын.

Баспа шығарған «Жолтерек», «Ерекше ертегілер», «Кәмпитті жеген кім?», «Алыптың оқиғасы» сияқты ертегілер бүгінде өз оқырмандарын тауып үлгерді. Баспаның осы орайда жаңа, жас авторлармен жұмыс істеп, олардың заманауи ертегілерін жарыққа шығаруға деген ұмтылыс мен талпынысы бір жүйеге түскені қатты қуантады.

«Жігіттің сұлтаны бол» деген кітапта ұл балалардың тұлға болып қалыптасуы үшін түрлі пайдалы кеңестер айтылған екен. «Әдебі әдемі ханшайым бол» - қазақтың әр қызының қолында жүрерліктей асыл сөздер мен өнегеге толы кітап. Бұл кітапты сегізінші сыныпты бітірген қыздың жазып шыққаны, кітапты жазарда әжесімен, анасымен ақылдасып, кеңес алуы, көптеген кітапты оқып, ізденіп барып осы еңбекке кіріскені айтуға тұрарлық, - деді министр.

Сөз арасында ана тілімізде шығып жатқан әлемдік классиктердің ертегілері бірнеше буынға рухани азық болғанын, мұндай туындылар Тәуелсіз еліміздің жас оқырмандарына да қызықты екенін атап өтті.

Биыл «Балалар әдебиеті жылына» орай әлі жылдың аяғына дейін талай жүздеген кітап бұл баспадан шығып, еліміздің бар өңірлеріндегі жас оқырмандарға жол тартады деп сенемін. Алдарыңыздағы балаларға арналған 100 кітап жылдың аяғына дейін 1000 кітапқа айналуына тілектеспін, - деді Ақтоты Райымқұлова.

Өзгелердің жаңалығы