Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Балалардың тісі неге ерте шіриді?

25 Маусым 2025, 10:05
1130
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Қазіргі стоматология – тек ауырған тісті жұлып тастау емес, заманауи технологиялар мен ғылыми жаңалықтардың үйлесімі. Ауыз қуысының саулығы балалық шақтан басталады десек, дұрыс күтім мен алдын алу шаралары – кез келген күрделі емнің алдын алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тіс жібі мен цифрлық сканерлеу, микроскоппен жұмыс істеу, имплантация мен эстетикалық реставрация – мұның бәрі бүгінде қолжетімді. Тісті қалай күту керек? Тіс күтімі ананың құрсағынан басталады деген рас па? Осы және өзге де сұрақтарға білікті стоматолог Гүлнара Абилова сұхбат барысында жауап берді.

- Гүлнара Қайратқызы, неліктен стоматология саласын таңдадыңыз?

- Мен әрқашан адамдарға көмектескім келетін. Өйткені мен табиғатымнан эмпатпын. Қоғамға пайдалы болсам деп армандайтынмын. Бала күнімнен зейін мен тыныштықты, шыдамдылықты қажет ететін ұсақ моторикамен байланысты сабақтарды отырып жасай беретінмін. Сондықтан стоматология саласын таңдадым. Бастапқыда тіс технигі болып жұмыс істеймін деп ойлағанмын. Кейінірек дәрігерлік қызметке таңдауым түсті. Өйткені зертханадағы жұмысқа қарағанда адамдармен жұмыс істеу жаныма тыныштық пен жайлылық сыйлайтынын түсіндім.

- Көпшілік тәттіден бас тарту тісжегінің (кариестің) алдын алады деп есептейді. Бұл қаншалықты рас?

- Иә, тәтті тағамдардан бас тарту тіс жегісінің (кариес) пайда болу қаупін азайтады. Бірақ бұл – жалғыз ғана алдын алу жолы емес. Ең маңыздысы – балалық шақтан бастап дұрыс ауыз қуысы гигиенасын сақтау. Сонымен қатар әр 6 ай сайын тіс дәрігеріне қаралып отыру, тіс эмалінің күйі, сілекейдің сапасы мен мөлшері де тістердің саулығына тікелей әсер етеді.

Балалардың тісі неге ерте шіриді?
кейіпкердің мұрағатынан

- Тіс жібін қолдануға көзқарасыңыз қалай?

- Мен әрдайым айтып жүремін және айта беремін: тіс жібін пайдалану – кариестің алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Себебі науқастардың көпшілігі тістердің арасында түзілген кариеспен келеді. Бұл көбінесе тіс щеткасы жете алмайтын аралықтарда қалып қойған тағам қалдықтарынан пайда болады. Сондықтан тамақтан кейін күніне 1-2 рет тіс жібін қолдану, ал ең дұрысы – әр тамақтан соң пайдалану ұсынылады.

- Темекі қалдықтарын кетіруге арналған тіс пасталары мен ұнтақтар туралы не айтасыз?

- Мұндай өнімдерді қолдану дұрыс әрі қауіпсіз тәсіл деп айта алмаймын. Себебі олардың тазарту әсері абразивтік (қатты үйкеліс) заттар арқылы жүзеге асады. Иә, олар тіс эмалін 1–2 реңкке дейін ағартуы мүмкін, бірақ жиі қолданған жағдайда эмальге зақым келіп, микрожарықтар пайда болады, тіс сезімталдығы артады, қызыл иек тітіркенеді.

Бұл тәсіл балалар мен жасөспірімдерге қолдануға мүлдем келмейді, өйткені олардың эмалі әлі толық қалыптаспаған.

- Стоматология – технологиялық тұрғыда үздіксіз дамып жатқан сала. Соңғы жылдардағы ең маңызды жетістіктер қандай?

- Дұрыс айтасыз, стоматология – үнемі дамып, жаңарып отыратын сала. Дәрігерлер мен тіс техниктері үздіксіз білім алып, тәжірибе алмасып отыруы керек. Қазіргі таңда ең үлкен жаңалықтар мыналар:

  • CAD/CAM технологиясы – тіс протездерін автоматты, өте жоғары дәлдікпен дайындау;
  • Цифрлық сканерлеу – дәстүрлі слепок (қалып) алудың орнына, тіс пішінін электронды түрде түсіру;
  • Заманауи реставрациялық материалдар;
  • Имплантологияның жетістіктері;
  • Микроскоптарды емдеуде қолдану;
  • Ирригаторлар мен электрлік тіс щеткаларының кең қолданылуы.

– Дегенмен, әлі де болса көптеген адам, әсіресе ерлер, тіс дәрігеріне барудан қорқады. Алғаш рет тіс дәрігеріне қашан бару керек деп ойлайсыз?

- Ең жақсысы – 6–12 айлық аралығында, яғни алғашқы тіс шыққан кезде дәрігерге қаралу. Бұл түрлі ауытқуларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

Ал бала кезден қалыптасқан қорқынышты жеңу – жақсы дәрігер табудан басталады. Қазіргі стоматология мен кеңестік кезеңнің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Ауыртпай емдеу, заманауи жабдықтар, сапалы материалдар, тіпті ең қиын жағдайдың өзінде тісті сақтап қалу – бүгінде бәрі мүмкін.

- Қазір балаларда тіс мәселесі жиі кездеседі. Кейбір сарапшылар бұл ана құрсағынан басталады дейді. Келісесіз бе?

- Толығымен келісемін. Болашақ ананың денсаулығы – баланың тісінің де, жалпы ағзасының да негізі. Жүктілікке дайындық кезеңінен бастап әйел адам зиянды әдеттерден бас тартып, дұрыс тамақтанып, дәрігер бақылауында болуы керек. Ал бала дүниеге келген соң, анасы алғашқы тістерінен бастап дұрыс күтім жасауды үйреніп, баланы да соған үйретуі тиіс. Қазіргі балалардың рационында жұмсақ, көмірсуы мол тағамдар мен газдалған сусындар, энергетиктер көп. Мұның бәрі тек тіс эмаліне ғана емес, жалпы ағзаға кері әсер етеді.

- Оқырмандарымызға стандартты кеңестерден бөлек не айтасыз?

- Иә, "тәттіні аз же, тісіңді күніне екі рет тазала, дәрігерден қорықпа" деген кеңестер таныс. Бірақ қосымша ретінде мына нәрселерді ұсынар едім:

Күніне жеткілікті су ішіңіз – бұл ауыз қуысының жалпы гигиенасына пайдалы;

Тілді тазалауды ұмытпаңыз – онда да бактериялар жиналады;

Тамақтан соң тіс тазалау мүмкін болмаса, алма жеу – ең қолайлы шешім, ол ірі қалдықтарды кетіреді;

Жақсы сапалы паста мен щетканы таңдаңыз, тіс жібін күнделікті қолдануды әдетке айналдырыңыз;

Ең бастысы – тіс күтімін өзіңізге жауапкершілікпен қабылдаңыз, бұл – болашақта үлкен емдеуден құтылудың жолы.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы