Балабақшаларға лицензия беруді енгізуді жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың республикалық бірлестіктерінің өкілдері толықтай қолдап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Олар лицензия беруді енгізудің бірінші кезеңінде аттестациядан өткен немесе әкімдіктерден мемлекеттік тапсырыс алған балабақшаларға автоматты түрде лицензия беруді ұсынды.
Олардың пікірінше, бұл балабақшаларға түсетін ұйымдастырушылық жүктемені азайтып, лицензия беру жүйесін енгізуді тездетеді.
Мектепке дейінгі ұйымдардың иелері өз ұсыныстарын Оқу-ағарту министрлігі басшылығымен кездесуде айтты.
Лицензия беру жүйесіндегі бірінші кезектегі міндет – тәртіпті қалпына келтіру және балабақшалар жұмысының сапасын қамтамасыз ету. Ең алдымен, тәуекел тобына жертөлелерде, қажетті жағдайлары жоқ пәтерлерде орналасқан балабақшалар кіреді. Ойын алаңынан өтіп бара жатқанда баланы көлік қағып кеткен оқиғалар да болды. Мемлекет жіпсіз байланып отыр. Сол себепті біз өз ойымызды жеткізгіміз келеді. Аттестациядан сәтті өтіп, мемлекеттік тапсырыс алған балабақшаларға автоматты түрде лицензия беруді ұсынамыз. Бұл мектепке дейінгі мекемелерде қазірдің өзінде белгілі бір құжаттары бар, бір қарағанда ресми тіркелген және балабақшалардың жұмысына қойылатын талаптарға біршама сәйкес келеді. «Көлеңкеде» жүргендеріне жіті назар аудару керек, – деп ұсыныс жасады «Әділет» жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының төрағасы Динара Құдайқұлова.
Жекеменшік балабақшаның құрылтайшысы Оксана Ушкевич мектепке дейінгі ұйымдардың жіктемесін жасап, балабақшалар, шағын орталықтар және т.б. критерийлерін нақты белгілеу қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың республикалық бірлестіктері өкілдерінің ұсыныстарын тыңдап, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар мен бірлестіктер меншік иелерінің жұмыс тобына осы ұсынысты іске асырудың құқықтық жағын қарастыруды тапсырды.
Заңды қабылдағанда мұндай шарттарды қарастыруға бола ма, жоқ па, осының құқықтық жағын қарау керек. Біз түбегейлі қарсы болып отырған жоқпыз. Заңгерлер осы бағытта жұмыс істеп, ұсыныстар енгізуі керек. Бұл ұсыныстарды қолдайтын болсақ, мемлекеттік тапсырысты алған немесе аттестациядан сәтті өткен балабақшаның барлығы бірден лицензия ала алады. Осылайша, аттестациядан өтпеген, мемлекеттік тапсырыс алмаған балабақшалар және жаңадан ашылған балабақшалар барлық процедурадан өткеннен кейін лицензия алады. Лицензия беру жүйесін қолдағаны және балабақшалардың тиімділігін арттырудың маңыздылығын түсінгені үшін мектепке дейінгі ұйымдардың бірлестіктеріне алғыс айтқым келеді. Әрине, балалардың мүддесі кез келген жеке мүддеден жоғары тұруы керек. Біз бірлесіп балабақшаларды ретке келтіріп, оны балаларға жайлы әрі қауіпсіз ететінімізге сенімдімін, - деп айтты министр.