Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Балаларды қол жұмсауға итермелейтін кітаптар мен қосымшалар қандай болады?

Жансая ҚАМБАР
21 Шілде 2025, 11:13
722
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин журналист, Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекеттік кеңесші 2024 жылдың қыркүйегінде Алматыдағы екі бірдей оқушы қыздың өз-өзіне қол жұмсауына әлеуметтік желіде тұтынған контенті себеп болғанын айтты. Тергеу барысында суицид жасаған қыздар көрген контентті басқа да балалар қарап отырғаны анықталған. Ерлан Қарин бұл жағдайдан кейін басқа балалардың да өміріне қауіп туғанын атады.

Президент әкімшілігі деңгейінде бұл мәселені бақылап, дереу қабылданатын шаралар жоспарын бекітіп, соған сәйкес бір уақытта барлық аймақтарда ата-аналар комитетінің жиналыстарын өткіздік. Бұл жиналыста ата-аналарға “планшетте, смартфонда осындай қосымшалар, осындай аккаунттер бар, үйлеріңізде балаларыңыздың қолданып жатқан смартфон, планшетте осындай контент бар-жоғын анықтап, соған сақ болыңыздар” деп ескерттік, - деді Мемлекеттік кеңесші.

Ол жиналыстан кейін тіпті бастауыш сынып оқушыларының смартфондарынан күмәнді қосымшалар табылғанын айтты.

2-сыныпта оқып жүрген балалардың өздерінің смартфон-планшеттерінен күмәнді, қауіпті қосымшалар табылды. Кейбір қосымшалардың атауы да ағылшынша жазылған. Ата-аналардың көбі түсінбейді ғой. Мысалы, “Әке-шешеңнен қашып кету керек” деп аталады, тапсырмалар беріледі. Оны бала ойын секілді қабылдайды. Осындай контент, қосымшалар балаларды басында ойын деңгейінде, кейін басқа мазмұнда ата-анаға қарсы қояды, - деді ол.

Ерлан Қаринның айтуынша, өзіне қол жұмсаған балалар қауіпті контентті көріп қана қоймай, арнайы кітаптар сатып алғанын жеткізді.

Жаңағы жағдайды зерттей келе өзіне қол жұмсаған балалар белгілі бір әдебиетті оқығаны анықталды. Біз сол кітапты қарап, іздестіріп, қаладағы кітап дүкеніне барып, соған ұқсайтын тағы да он шақты кітапты тауып алдық. Мұқабасынан, мазмұнынан қарасаң, ешқандай қауіп жоқ секілді. Жастардың арасындағы қарым-қатынас, махаббат туралы секілді. Бірақ сол әдеби кітаптарды оқып, балалар басқа бір ойларға беріліп, ең соңында сол кітаптардың кейіпкерлеріне арнлған қосымшаларға кіріп, ең соңында өздеріне қол жұмсаған, - деді Мемлекеттік кеңесші.

Ол кітап дүкендеріне тексеріс жүргізіліп, аталған мазмұндағы кітаптар айналымнан шығарылғанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы