Балаларды қаңғыбас иттерден қалай қорғаймыз? – Министрлік жауап берді

6 Желтоқсан 2023, 12:20
425
Бөлісу:
Балаларды қаңғыбас иттерден қалай қорғаймыз? – Министрлік жауап берді
Фото: Артём Чурсинов - архив

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова балаларды қаңғыбас иттерден қорғауға қатысты ұсыныс айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елімізде биылдың бірінші жартыжылдығында қаңғыбас иттер кәмелетке толмаған 81 баланы тістеп алды, бұл жағдай үш бүлдіршінің өліміне әкеп соқтырды. Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық статистика бюросының берген ақпары бойынша балалар Ақтөбе және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында қайтыс болған. Бұл қорқынышты оқиғалар шұғыл араласуды және батыл әрекеттерді талап ететін мәселенің өткірлігін ғана көрсетеді, - деді комитет басшысы.

Оспанова атап өткендей, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапкершілік жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Олар осы сияқты оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында дереу шаралар қолдануға міндетті. Алайда қабылданған әрекеттерге қарамастан, қажетті қадамдар жеткіліксіз болып көрінеді.

Бұл жағдай халықтың, әсіресе осал жағдайдағы балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіріп жатыр. Комитет билікті қаңғыбас иттерді бақылауды күшейтуге шақырады. Мәселе дереу және байыпты назар аударуды қажет етеді. Өйткені әрбір жағдай балаға, отбасыға және қоғамға ауыртпашылық әкелетіні анық, - деп айтты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы.

Осыған байланысты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қауіпсіз жағдай жасауға ұмтыла отырып, мәселені жүйелі шешу үшін жедел шаралар кешенін қабылдауды ұсынады:

  • дрондар мен пилотсыз машиналар сияқты заманауи инновациялық технологияларды қолдана отырып, әр түрлі аудандар мен қалалардағы қаңғыбас иттердің шоғырлану орындарын үнемі бақылау;
  • өңірлердің әкімдіктері мен мәслихаттары отырыстарының күн тәртібіне ветеринариялық қызметтерді қаржыландыру туралы мәселелерді енгізу;
  • осы сынды фактілері бойынша мемлекеттік органдардың сенім телефондары мен «жедел желілері» арқылы азаматтардың өтініштері мен хабарламаларын қабылдауды ұйымдастыру.

Қайғылы оқиғалар туралы хабарламалар әлі де келіп түсіп жатыр және оны елемеуге болмайды. Балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасы ету және осындай жағдайлардың алдын алу үшін күш біріктіру қажет. Біз барлығымыз балаларды қорғау және олардың өсуі мен дамуы үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету үшін күш-жігер жұмсауға тиіспіз. Бұл болашақ ұрпақ алдындағы ортақ міндет, - деп айтты Насымжан Оспанова.

Өзгелердің жаңалығы