Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрайымы, медицина ғылымының докторы Риза Боранбаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг кезінде айтты.
Денсаулық сақтау министрлігі балалар арасында COVID-19 індетін емдеудің клиникалық хаттамасын әзірледі. Ол соңғы 2 апта ішінде дайындалды. Бұған дейін Қазақстанда балалар мен ересектерге, сондай-ақ жүкті әйелдерге арналған бірыңғай емдеу хаттамасы болған. Яғни, бұның барлығы бір хаттамада болатын, - деді ол.
Енді елімізде 3 хаттама болады:
- ересектерге;
- жүкті әйелдерге;
- балалар арасындағы COVID-19 індетіне арналған хаттама.
Хаттама дайын. Оны осы аптада біріккен комиссиямен қарастырып, бекітеміз. Дегенмен, балаларды емдеу жүріп жатыр. Себебі, COVID-19-дың диагностикасы мен ем шаралары жалпы хаттамада болды. Қазір балалар хаттамасы әзірленді, кеңейтілді және жүйеленді, оған мультиқабыну синдромы қосылды. Хаттама бір апта ішінде бекітіледі деп ойлаймын, - деді «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрайымы, медицина ғылымының докторы Риза Боранбаева.