Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте кері байланыс, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы және балалар жылын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Алғашғы мәселе бойынша облыс әкімінің кері байланыс жөніндегі кеңесшісі Нұрмухаммед Ниязбеков, баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы, «Жамбыл облысы бірыңғай диспетчерлік қызметі» КММ-нің басшысы Бақкелді Тұрсынбек баяндама жасады. Олар әлеуметттік желідегі басшылардың белсенділігіне, көтерілген өзекті мәселелер мен өтініштерге жауап беру деңгейіне тоқталып, кемшіліктерді атап көрсетті.
Аймақ басшысы барлық сұрақтарға уақытылы және сапалы жауап беру керектігін, атқарылған жұмыстарды көрсете білу, қандайда бір маңызды шешім қабылдарда қоғамның пікірін ескерудің маңыздылығын баса айтты.
Экономика және бюджеттік жоспарларлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова ағымдағы жылдың қаңтар - сәуір айларында қалыптасқан облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы хабарлап, есепті кезеңде экономиалық өсім 108,1 пайызды құрағанын жеткізді. Ал, қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиев облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 99,5 пайызға игерілгенін, бұл республика бойынша өңірлер арасындағы 4-ші көрсеткіш болып табылатындығын атап өтті.
Барлық сала бойынша жұмыстарды қарқынды түрде жалғастыруға негіз бар. Тапсырмалар толығымен орындалып, көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 100 пайызға шығу керек,- деді облыс әкімі.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов баяндама жасап, балалар жылын өткізу жөніндегі облыс әкімдігінің ведомствоаралық іс-шаралар жоспары бекітілгенін тілге тиек етті. Ол жоспар «Білімді бала», «Отбасы – қауіпсіз мекен», «Дені сау бала», «Жетімсіз ел», «Жайлы мекен», «Бала қорғау», «Балаларға қызмет», «bala_time.kz» секілді сегіз бөлімнен тұрады.
Басқарма басшысының айтуынша, «Балалар жылына» орай балалардың алаңсыз, сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалуда.
Іс-шаралар жоспарының «Дені сау бала» бағыты бойынша мектеп асханаларында балалардың ыстық тамақпен қамту үлесін арттыру көзделген.
Биылғы оқу жылында 1-11 сынып аралығында жекелеген санаттағы 47601 балалар бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Оның ішінде 23508-і бастауыш сынып оқушылары (1-4 сынып).
Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жағдай жасау – басты назарда. Қазіргі таңда облыстағы 28 арнайы ұйымда ерекше білім беру қажеттілігі бар 6403 балаға (81%) қызмет көрсетілуде.
Біз балалар жылын өткізуде ерекшелікке мән беру керекпіз. Жылдағы атқарылатын жұмыстармен шектелуге болмайды. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларды100 пайыз білім және тәрбиемен қамтуға қол жеткізу керекпіз. Бұл бағытта жұмыс жасаймын, орталық ашамын деушілерге қолдау көрсетуге тиіспіз,-деген облыс әкімі осы тұрғыда жұмыс жасайтын 28 ұйымның жұмысының сапасына талдау жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, аймақ басшысы балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға айрықша назар аудартты.
Балалаларға арналған түрлі мемлекеттік үйірмелердің барлығының жұмысы ойдағыдай еместігін мойындауымыз керек. Бұл мәселені қазір ата-аналардың өздері де көтеріп отыр. Жалпы, көрсеткіш жақсы. Бірақ, тереңірек үңілсек кемшіліктерге көз жете түседі. Қаншама шағын спорт алаңшаларын салып, үйірмелер ашып жатырмыз. Клуб, кітапханалардың да мүмкіндіктерін барынша пайдалану маңызды. Мектептердегі спортзалдар да кешкісін, демалыс күндері балаларға қолжетімді болуы тиіс. Біз балалардың мектептен кейінгі бос уақытын ұтымды ұйымдастыра білсек, көптеген мәселелердің алдын-алар едік,-дей келе Н. Нұржігітов бұл бағытта жұмыс жасайтын мемлекеттік мекемелердің жұмыстарын зерделеу, қайта бағалау бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.