Балалар үйінің түлектері қоғамға өгей болып өсіп жатыр – Ерсайынұлы

16 Қараша 2021, 22:13
1216
Бөлісу:
Балалар үйінің түлектері қоғамға өгей болып өсіп жатыр – Ерсайынұлы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық кеңестің мүшесі, қоғам белсендісі Уайс Ерсайынұлы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында айтты.

Ұлттық Кеңес аясында қозғайын деп отырған тағы бір үлкен мәселеміз — жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың жай-күйі. 

Қазір Қазақстандағы мұндай балалардың жалпы саны 23 мыңнан астам екені белгілі.  Мемлекет аталған топты өз қамқорлығына алып,  18 жасқа дейін балалар үйінде оқытып, бағып-тәрбиелеуді мойнына алғанын білеміз.  Алайда,  сол балалар үйінің түлектері 99% мемлекетке жат, қоғамға өгей болып өсіп шығып жатыр. Түлектердің баспанамен қамтылу өте төмен деңгейде болса, жұмыссыздық жоғары деңгейде. Бұл жастар арасында ажырасу,  ұрыс-керіс, қылмыс өте жоғары.  Проблема неде? Осыған терең үңілуіміз қажет, - деді ол.   

Ол бұл балалар үйінің қабырғасынан басталатын мәселе екенін айтты.  

Біз ең әуелі жетім деген ұғымның өзінен арылуымыз қажет.  Осы анықтаманың өзі балаларды өгейсітіп, кеудеден итеріп,  шеттету болып табылады.  Оның орнына,  мемлекет пен қоғам қамқорлығындағы балалар деп атауды ұсынамыз. Сонда ғана олар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіне алар еді. Мәселе атауды өзгертумен ғана шектелмейді.  Балалар үйінің қабырғасынан бастап,  қорғаудағы балаларды қоғамға бейімдеп,  өмірге икемдеп әлеуметтендіру қажет. Дәл қазір ондай жұмыстарды ешкім жүргізіп отырған жоқ. Мемлекеттің көмегі тек материалдық игіліктермен шектелуде. Сонымен бірге, балалар ұйіне көмектесуді пиар үшін пайдалануға тыйым салыну керек. Балалардың рухани қажеттілігін қамтамасыз етуге тиісті институттар өз функциясын мүлдем орындамай отыр.  Бұдан басқа,  мемлекет пен қоғам қамқорлығындағы балалардың ең үлкен мәселесі мектеп бітірген соң тұрғын үй мен жұмыссыздық болып тұр.  Біз балаларға жастайынан тек қана материалдық игіліктермен көмектесу арқылы инфантильді маргинал топқа айналдырып жатырғанымызды мойындауымыз керек, - деді Ерсайынұлы.

Осы мәселелерді жеткізе келе,  ол жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар бұдан былай мемлекет пен қоғам қамқорлығындағы балалар деп атаса деген ұсыныс тастады.

Қоғамда ол балаларды өз перзентіміз деп қабылдайтын түбегейлі жаңа көзқарас қалыптастыратын концепция дайындап, арнайы бағдарлама қабылданса. Мемлекет есебіне қойылған күнінен бастап, балаларға кейін азамат болғанда  кәсіп бастау үшін немесе басқа да мұқтаждығына жұмсау үшін арнайы есепшот ашып, бұл мемлекет пен қоғам қамқорлығындағы балалардың арнайы капиталы деп аталса. Мектеп бітіргеннен кейін,  баспана беру мен жұмысқа қабылдар кезде мемлекет пен қоғам қамқорлығындағы балаларға басым приоритет қойылса дейміз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы