Елімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыс барлық өңірлерде жүйелі түрде жүргізілуде. Білім беру ұйымдарында бірыңғай тәрбие тәсілдері енгізіліп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға арналған жобалар кеңейтілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы жұмыстар аясында Қызылорда облысында ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қатысуымен жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша мәжіліс өтті. Мәжіліске облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, күштік орган өкілдері, мектеп пен колледж директорлары, ұстаздар қатысты. Күн тәртібінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәуекелдерді ерте кезеңде анықтау жайы қаралды.
Министрлік профилактиканы мектептегі тәрбие жұмысы, қауіпсіздік дағдылары және ерте қолдау тетіктері арқылы жүйелі түрде күшейтуде. Атап айтсақ, 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап«ДосболLike» буллингке қарсы бағдарламасы енгізіліп, 50 мектептен пилоттық негізде сынақтан өтті. Сондай-ақ, педагогтерге әдістемелік материалдар ұсынылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Алматы облысы Талғар ауданындағы 10 мектеп пен 3 колледжде «Заң және тәртіп» пилоттық жобасы іске асырылуда. Жобаға құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлерінен құралған 13 тәлімгер тартылып, профилактикалық сабақтар өткізуде. Оқу материалдары ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Бас прокуратураның бірлесуімен әзірленді. Жобаны барлық өңірлерге тарату жоспарлауда.
Бүгінде мектептерде “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асуда. Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен білім ордаларында “Заң мен тәртіп” детекті фильмі көрсетіліп, тәрбие сағаттары ұйымдастырылады. Жыл сайын қаңтар айында «Адал азамат» бағдарламасының аясында «Заң және тәртіп» республикалық айлығы өткізіледі, оның барысында оқушыларда құқықтық жүйе туралы түсінік қалыптасып, білімдерін күнделікті өмірде қолдану дағдылары дамиды, - деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Балалар мен отбасыларға тәулік бойы қолдау көрсету үшін «111» бірыңғай байланыс орталығының қызметі заңнамалық деңгейде бекітілді. Барлық мектептер мен колледждерде QR-кодтар орналастырылған.
Еліміздің барлық аудандарында полиция, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және қорғаншылық органдары өкілдерінің қатысуымен мобильді топтар жұмыс істейді. Тәуекел топтағы балаларды анықтауда негізгі рөлді педагог-психологтар атқарады. Осы мақсатта тәуекел топтарындағы балаларды анықтауға арналған 23 диагностикалық әдістемені қамтитын «Педагог-психологқа көмек» бірыңғай жинағы әзірленді. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қолдауымен тәуекел тобындағы балаларды анықтаудың бірыңғай нысаны енгізілді. Педагог-психологтардың қызметін цифрландыру бойынша ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлескен жұмыс жүргізілуде.
Сонымен қатар, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының кадрлық әлеуетін күшейту үшін мамандар саны нормативі заңнамалық түрде бекітіліп, кадрлар саны бес есе артты. Ақтөбе облысы мен Астана қаласында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар құрылып, олардың тәжірибесі өзге өңірлерге енгізілуде.
Өңірлердегі жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы нақты әрі жүйелі шаралар жалғасын табады. ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалар үшін қауіпсіз әрі тәртіпке негізделген білім беру ортасын қалыптастыруды дамыту аясындағы кешенді жұмысты жалғастырады.