Ертіс өңірінде «Жаз-2024» науқанын жүзеге асыру шеңберінде 48 мыңнан астам оқушыны жазғы демалыс және жұмыспен қамту жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Павлодар қалалық білім беру бөлімі мамандарының хабарлауынша, жыл сайын жазғы каникул кезінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға ерекше назар аударылады. Жетім балалар, қамқоршылары бар отбасыларда тұратын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың балалары жергілікті бюджет қаражаты есебінен демалып, сауығып кетеді. Бүгінгі таңда бұл санатта 3370 ұл-қыз бар.
Жеткіншектердің бос уақытын сапалы ұйымдастыру бойынша оқу-сауықтыру орталықтары жұмыс істейді. Мәселен, «Балдәурен» кешенінің мамандары жазда жеті маусым өткізуді жоспарлап отыр.
«Балдәурен» сауықтыру лагері басшысының міндетін атқарушы Маржан Касеуналиеваның айтуынша, биылғы жазда ерекше бағдарлама әзірленген.
«Демалыс маусымы тамыз айының соңына дейін ұйымдастырылады. Бір жылда жалпы саны 1500 оқушыны сапалы демалыспен қамтимыз. Ал жаз айларында 900-ге жуық баланы қабылдаймыз. Оқу-сауықтыру бағытында жұмыс істейтіндіктен, балалардың спортпен шұғылдануына баса мән береміз. Бізде медициналық корпус бар. Жеткіншектерге оттегі коктейльдерін ұсыну, тұз шахтасына отырғызу, түймедақ пен балмен емдеу әдістері кеңінен қолданылады. Балалар теңертең міндетті түрде жаттығу жасайды. Таңғы астан кейін қызығушылықтары бойынша үйірмелерге қатысады. Бұл бағытта жеті жобамыз бар. Атап айтқанда, «Жас аспаз», «Жасыл мекен», «Бірлік», «Өнегелі өмір», «Ар-ұят» сияқты мектептер бар. Оқушылар ашық аспан аспан астында кітап оқып, уақыттарын көңілді өткізеді», - дейді Маржан Касеуналиева.
Әлеуметтік қорғалатын топтарға жататын отбасы балалары тегін тынығады. Сонымен қатар, кез келген ата-ана балаларын ақылы түрде демалдыра алады. Лагерь қызметкерлерінің мәліметінше, он күндік демалыс құны - 25 мың теңге. Ал оқуда, спорт пен шығармашылықта озат оқушыларға жеңілдіктер қарастырылған.
«Маусым айының басынан бері 500-ге жуық оқушыны қабылдап үлгердік. Жеңілдетілген жолдама бойынша келгендер баршылық. Балалар бес уақыт тамақтанумен қамтылған. Пайдалы ас санитарлық-эпидемиология қызметінің рұқсаты бойынша технологиялық карталар бойынша әзірленеді. Яғни, демалыс кезінде балалар сүйіп жейтін тұзды, қуырылған және өзге зиянды тағамдарға жол берілмейді. Бір сөзбен айтқанда, салауатты тамақтану қағидатын ұстанамыз», - дейді Маржан Касеуналиева.
Қалалық білім беру бөлімінің бас маманы Ернар Садуовтың айтуынша, облыс орталығында ірі сегіз лагерь жұмыс істеп жатыр.
«Сонымен қатар, мектептердің жанында 31 лагерь ашылған. Онда бастауыш сыныпта оқитын 15 мыңнан астам бала демалып қайтады. Павлодарлық оқушылардың 70%-ы сапалы тынығумен қамтылады. Балалардың жайлы әрі қауіпсіз демалуы бойынша тұрақты мониторинг жүргізіледі. Санитарлық ережедердің сақталуы, тамақтандыру сапасы, қауіпсіздігі жіті тексеріліп отырады. Лагерьлердің жұмысында әзірге кінәрат жоқ», - дейді Ернар Садуов.
Тағы бір ерекшелік, балалар демалыс кезінде қолдарына телефон алмайды. Тек күніне бір уақыт ата-аналарымен байланысқа шығады. Мамандардың айтуынша, алғашқы күндері балаларға телефонды жиі қолдануға рұқсат етіледі. Себебі, жақындарын сағынып, бейнебайланысқа шыққысы келеді, Бірнеше күннен соң ұялы телефондары туралы ұмытып та кетеді. Жеткіншектер бұл форматқа үйретіп те қалды. Себебі, олардың уақыттары қызықты сәттерге толы. Бұны демалып жүрген оқушылар да жасырмайды.
«Мен Жетекші орта мектебінде оқимын. Осы лагерьде екінші рет демалып жатырмын. Бос уақытымда кітап оқуды ұнатамын. Мұнда бай кітап қоры бар арнайы орын бар. Тіпті, түскі ұйқы сағатында да кітап оқуды әдетке айналдырдым. Домбыра, би үйірмелеріне қатысамын. Ал кешкі уақытта түрлі шараларға қуана қатысамын», - дейді Алима Байболатова.
Ал 14 жасар Сұлтан Ғабидуллин «Балдәурен» лагеріне үшінші рет келіп, демалып жатыр.
«Кешке ұйымдастырылатын шараларды қалт жібермеймін. Көңіл көтеріп қана қоймай, қызықты оқиғалар, мәліметтерді біліп отырамыз. Таным көкжиегін кеңейтеміз. Қысқа уақыт ішінде тәрбиешілерімізге бауыр басып қалдық. Лагерь көрікті жерде орналасқан. Бос уақытымызда достарыммен серуендеуді ұнатамын. Шаршап қалсақ, корпуста теледидар көруге болады. Алдағы жазғы демалыста тағы келетін ойым бар», - дейді Сұлтан Ғабдуллин.
Айта кетейік, биыл кешен ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, жылыту және электр энергиясын тарату жүйесін жаңарту, терезелерді ауыстыру, қосымша бейнебақылау камераларын орнату, өрт қауіпсіздігі жүйесін жөндеу жоспарланған. Лагерьде балалардың қауіпсіздігін қамту үшін мамандандырылған күзет қызметі жұмыс істейді. Ал денсаулығын қадағалау үшін медицина мамандарының тобы еңбек етеді.
Жалпы, облыста білім алатын оқушылардың 98%-ы жазғы уақытын тиімді өткізеді.