Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасы бойынша биылғы жыл балалар әдебиетін қолдау жылы болып жарияланды.
Балалар әдебиеті терең өмірлік тәжірибе беріп қана қоймай, жас ұрпақ бойындағы парасатқа дүниетанымдық құштарлық, шындыққа сүйіспеншілік, ақиқатқа іңкәрлік сезімдерін оятып, адамгершілікке тәрбиелейді, келешегіне жол ашып, бағыт сілтейді.
Осы орайда, 2020-2021 жылдары жарық көрген балалар әдебиетінің үздік шығармаларының топтамасын дайындалды.
Олардың арасында А. Гриннің «Алқызыл желкендер. Хикаят. Толқын перісі», М. Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері/ Гекльберри Финнің басынан кешкендері», «Қазақ халық ертегілері», В. А. Обручевтің «Жұмбақ жер», А. Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи», Дж.Свифттің «Гулливердің саяхаттары», Т. Көзікоғлудың «Арман керек адамға», Эрих Распенің «Мюнхгаузеннің хикаялары», Баянғали Әлімжановтың «Әліппе», Әлия Беркімбаеваның «Дәуіт атайдың ертегілері» туындылары бар. Сондай-ақ, бұл әлемдік классика туындылары алғаш рет қазақ тіліне аударылып, қазақтілді оқырманға ұсынылып отырғандығын атап өту керек.
А. Гриннің «Алқызыл желкендер. Хикаят. Толқын перісі» кітабы. «Алқызыл желкендер» романы - махаббат жайлы сырлы да нәзік поэма. Туынды махаббат пен үміттің, үлкен армандар мен батыл қадамдардың символы. «Толқын перісі» Александр Гриннің танымал шығармаларының бірі. Толқын бетімен жүре алатын ғажайып қабілетке ие әдемі қыз Фрези Грант туралы романды оқи отырып, арманшыл Томас Гарвеймен бірге «Толқын перісімен» және «Сүңгуірмен» саяхат жасаңыз.
Дж.Свифт «Гулливердің саяхаттары» кітабы. 1726 жылы, «Робинзон Крузодан» кейін арада бар-жоғы жеті жыл өткен кезде, абырой-даңқы Дефо шығармасынан кем түспейтін осы «Гулливердің саяхаттары» өмірге келген еді. Мұнда әуелде оташы, кейіннен бірталай кемеге капитан болған Гулливердің дүниенің түкпіріндегі бірнеше елге жасаған қызықты саяхаттары баяндалады. Бұл шығарма – бір жағынан әлеуметтік-саяси қарым-қатынастар жайындағы өткір мазмұнды роман-памфлет.
М. Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері» кітабы. Бұл классикалық туындыда Том Сойердің басынан кешкен қызықты оқиғалары суреттеледі. Оқиға тілі бай, түрлі тартыстарға толы. Кейіпкерлер және олардың өмірі, дүниетанымы арқылы сол кездегі, яғни ХVШ ғасырдағы АҚШ-тағы шағын қалашық тұрғындарының күнделікті жұмыс тіршілігі, қарапайым адамдардың, діни қызметкерлердің психологиясы, болмысы, түсінігі суреттеледі.
В. А. Обручевтің «Жұмбақ жер» кітабы. Арктиканың ақшулан мұздары арасында беймәлім аралдар болуы мүмкін деген жорамалға көптеген зерттеушілер таяу күндерге дейін сеніп келді. Белгілі орыс геологы, академик В.А. Обручев өз романына осы жорамалды негіз етіп, «Санников жері» деп аталатын аралды іздеп табуға аттанған экспедицияның басынан кешкендерін қызықтыра суреттейді. Кітапта осынау жұмбақ жердің табиғаты, оны мекендейтін адамдардың тіршілік тынысы айшықты бейнеленген. Көркем қиял танымдық қасиеті мол мәліметтермен шебер үйлесім тапқан.
Эрих Распенің «Мюнхгаузеннің хикаялары» кітабы. «Фолиант» баспасының тапсырысымен жарық көретін туынды әлем әдебиетінің алтын қорына енген шығармалардың бірі болып табылады. Туындыны қолдануға тиімді, барынша ыңғайлы, қазіргі заман талабына сай ерекше дизайнда ұсыну мақсатта бірнеше маман жұмылдырылды. ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген неміс жазушысы Эрих Распе өзінің ғажайып әңгімелерін Мюнхгаузен деген әзілкеш адамның басынан кешкен оқиғалары негізінде жазып шыққан.
А. Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи» хикаялары. Әлемге әйгілі балалар жазушысы Астрид Линдгреннің аталмыш еңбегі Швецияда «Балақай және шатырда тұратын Карлсон» кітабынан әлдеқайда танымал екенін біреу білсе, біреу біле бермес. Қаламгердің Карин атты қызы ауырып қалғанда, әр кеш сайын көңілін аулау мақсатында шығарған әңгімесі кейіннен қызықты хикаятқа айналды. Айтқанға көнбейтін баланың психологиясын негізге ала отырып жазылған шығарма бұл күнге дейін әлемнің 80-ге жуық тіліне аударылған. Қазақ тіліне алғаш рет ағылшын тілінен аударылып отырған «Ұзыншұлық Пиппи» қазақ тілінде кітап оқитын оқырман қауымның да әдебиет пен кітапқа деген құрметін еселендіреді деп үміттенеміз.
«Қазақ халық ертегілері» жинағы. Керқұла атты Кендебай, Таусоғар мен Көлтауы - сарды жолдас еткен Ер Төстік, алтын сақасын іздеген бала, Ай астындағы Айбарша сұлу мен Күн астындағы Күнікей қыз – халық ертегілерінің қаһармандары барша мұратына жетіп, баланың қиялына қанат бітіреді. Ертегінің кез келген кейіпкері – ақылды тасбақа мен қоян, қарға мен кірпі, тіпті кішкентай құмырсқаның өзі мейірімділікке, ізгілікке баулиды.
Белгілі балалар жазушысы Әлия Беркімбаеваның «Дәуіт атайдың ертегілері». Дәуіт атайдың ертегілеріндегі кейіпкерлердің соғыстан кейінгі қиын-қыстау замандағы ауыртпалыққа қарамастан, жүректеріндегі рух-жігерді, адамгершілік пен мейірімділік қасиеттерін жоғалтпай, нағыз дос, қайырымды адам болып қалуы жүрекке жылу ұялатады. Талай уақыт бойы нан көрмей, қақаған қыстың аязына төтеп берген ұл-қыздар бізге қарапайым заттардың қадірін бағалай білуді үйретеді. «Дәуіт атайдың ертегілері» - кішіні де, үлкенді де баурап алатын сиқырлы ғажайып ертегілермен үйлесім тапқан терең, мағыналы да мәнді туынды. Авторы – белгілі балалар жазушысы Әлия Беркімбаева.
Т. Көзікоғлудың «Арман керек адамға» еңбегі. «Армансыз адам — қанатсыз құспен тең» демекші, арман адамды қанаттандырады, алға жетелейді, ынталандырады, күш сыйлайды. Жолыңа өз сәулесін шашып, биік мақсаттарға жетелейді, өмірден өзіңді табуға көмектеседі. Біздің кейіпкеріміз Синанның да өз арманы болатын. Ол бала кезінен суретші болуды армандайтын. Алайда қолына қылқаламын алып, енді отыра бергенде бір іс дайын тұратын. Сөйтіп, сүйікті ісіне қанша көңіл бөлгісі келгенімен, уақыт өте берді, өте берді. Күндердің күнінде газеттегі хабарландыруды көзі шалып, жүрек түбіндегі арманы қайта оянды.
Белгілі ақын, драматург, жазушы, сатирик, айтыс ақыны, кинорежиссер, әдебиет пен өнер зерттеушісі Баянғали Әлімжановтың «Өлең-Әліппе» жинағы. «Өлең-Әліппе» жинағын ата-аналар мен мұғалімдер ризашылықпен қабылдап, бүлдіршіндерге түсінікті, жеңіл әрі қызықты, мазмұнды дүниелер ретінде жоғары бағаға ие болады деген сенімдеміз.
Айта кетейік, жақын арада баспадан Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Николай Носовтың «Дымбілместің Айға сапары», Фенимор Купердің «Могиканның соңғы тұяғы» шығармалары жарық көреді. Әдебиеттің қызметі саналы, өзіндік дүниетанымы қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу болса, бұл кітаптар еліміздің рухани саласына қосар үлесіміз деп білеміз, - делінген хабарламада.