Балалар лагерьге бармаса да, министрлік ақшасын толық игерген

9 Маусым 2021, 12:18
6076
Бөлісу:
Балалар лагерьге бармаса да, министрлік ақшасын толық игерген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ләззат Рамазанова Білім және ғылым министрлігіне шүйлікті. Оның айтуынша, 2020 жылы балаларды сауықтыру, оңалту және демалысын ұйымдастыру шараларына бөлінген қаражат 100 пайыз игерілгенімен, балалар лагерьлерге бармаған.

Үкіметтің 2020 жылғы есебіне сәйкес, балаларды сауықтыру, оңалту және олардың демалысын ұйымдастыру бюджеттік бағдарламасы бойынша 782 млн теңге қарастырылыпты. Есеп бойынша бұл қаражат 100 пайыз игерілген. Бюджеттік бағдарламаға байланысты 2 мыңнан астам бала оңалтудан өтуге тиіс екен. Балалар оңалтудан өткен жоқ. Республикалық білім беру, ұйымдастыру, балаларды оқыту және тәрбиелеу бағдарламасына былтырғы жылы 2,6 млрд теңге бөлінген. Қаражат 100 пайыз игерілді. Дегенмен нәтижесін көрген жоқпыз. Осыны қалай түсіндіресіз, - деді Ләззат Рамазанова.

Бұл сауалға жауап берген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов балалардың карантинге байланысты тек көктем айларында ғана демала алмады деп отыр.

Шын мәнінде 2020 жылы бізде бюджетте балаларды оңалту және сауықтыруға қаражат қарастырылды. Екі республикалық ұйым бар: «Бөбек» және «Балдәурен». Алғашқысында 1 300 бала демалу керек еді. Ал «Балдәуренде» төрт жазғы лагерь бар. Олар Түркістан, Щучинск, Балқаш және Қапшағайда орналасқан. «Балдауренге» 3,3 млрд теңге бөлінді. Ол жерде 15 мың бала демалу керек болған. Бірақ наурыздан бастап мамырға дейін пандемияға байланысты балалар демалған жоқ, - дейді Аймағамбетов.

Ол дегенмен қызметкерлерге жалақысын толығымен төлегендерін айтты. 

Нәтижесінде 464 млн теңгені бюджетке кері қайтардық. Сондай-ақ 11 мың бала расымен де барып демалып қайтты. Оның ішінде 3 061 бала Мақтаарал ауданына келді. Жоспар 80 пайызға орындалды, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы