«Балалар батырлары»: Елордада ЮНИСЕФ фотокөрмесі ашылды

1 Сәуір 2022, 15:21
1758
Бөлісу:
«Балалар батырлары»: Елордада ЮНИСЕФ фотокөрмесі ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігінің ұйымдастыруымен әлемде ЮНИСЕФ-тің жұмыс істей бастағанына 75 жыл толуына орай және Қазақстандағы Балалар жылына арналған фотокөрме ашылды, деп хабарлады өкілдіктің баспасөз қызметі.

 Экспозиция «Балалар батырлары» (Heroes of Children) деп аталады және ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, балалардың құқықтарын қорғау, ілгерілету және сақтау, сондай-ақ Қазақстандағы әрбір баланы тең мүмкіндіктермен қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген 30-дан астам адамның портреттері мен оқиғалары ұсынылған. Көрме кейіпкерлерінің арасында өмірлік қиын жағдайдағы аса ұрымтал балалар мен отбасыларды қолдау үшін ЮНИСЕФ-пен күш біріктірген мұғалімдерді, дәрігерлерді, жастарды, ғалымдарды, еріктілерді және қоғам белсенділерін кездестіруге болады. Олар біздің арамызда өмір сүреді және күн сайын әрбір баланың бақытты балалық шаққа құқығы болуы үшін еңбек етеді.

Көрмеге портреттері қойылған батырлар – күн сайын балалардың игілігі үшін еңбек етіп жүрген жүздеген, мыңдаған адамдардың бір бөлшегі ғана. Осы көрменің көмегімен ЮНИСЕФ бала құқықтарын насихаттайтын және қорғайтын әрбір және барлық адамдардың жұмысын дәріптегісі келеді.

Экспозиция кураторы – белгілі қазақстандық фотограф Оспан Әли.

Мен ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болғаныма қуандым. 75 жыл бойы осы ұйым бүкіл әлемде жұмыс істеп келеді. Кейіпкерлеріміздің фотосуреттері мен оқиғалары арқылы біз ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы жұмысы, Қордың серіктестермен бірлесіп балаларға көрсетіп жатқан көмегі туралы айтып береміз. Мен үшін әр кейіпкердің балаларды қорғауға қосқан үлесін авторлық портрет арқылы жеткізуге тырысу ерекше маңызды болды. Жастармен жұмыс жасау, олардың жобалары мен жалынды жанарларын көру аса қызықты болды. Жасына қарамастан, олар ̶ қазірдің өзінде қатарластары үшін керемет үлгі. ЮНИСЕФ жобаларына қатысу олар үшін үлкен мүмкіндіктер ашады, - деді көрме туралы Оспан Әли.

Солардың ішінде ЮНИСЕФ жобасына қатысқан соң, мүгедектер арбасына таңылған адамдарға арналған электросамокат құрастырған Эльдар Гребневті атап өтуге болады. Сондай-ақ ауаны тазартатын сүзгіні жасаушы – алматылық талантты жасөспірім Даниил Ким бар. Көрмеде сонымен қатар UniSat жобасының басқа қатысушыларымен бірге былтырғы жылы стратосфераға өзінің алғашқы наносерігін ұшырған алматылық мектептің математика және информатика мұғалімі Лейла Марденованың портретін де көруге болады.

Дәрігер, психолог, иммунолог, әлеуметтік қызметкер, педиатр, еріктілер – фотокөрменің барлық осы кейіпкерлері қазақстандық балалардың бақытты да салауатты болашағына өз үлестерін қосудан танбай, көпшілікке үлгі болып жүр.

«ЮНИСЕФ 75 жыл бұрын күллі әлем Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қирандыларда жатқанда құрылды. Сол кезде де, қазір де ұйымның алдына қойылған басты міндет әрбір баланың құқықтарын қорғау болды және солай болып қала береді. Бүгінгі әлем көптеген дағдарыстармен бетпе-бет келіп жатыр - пандемия, климаттың өзгеруі, кедейлік және теңсіздік. Солардың барлығы адамға теріс әсер етеді, бірақ бәрінен де аса ұрымтал балаларға тиетін соққы ауыр. Сондықтан, біз бұрынғыдай денсаулық сақтау және әл-ауқат жүйелерін құруға және нығайтуға, аурулармен күресуге, аса маңызды әлеуметтік қызметтер көрсетуге, білім мен біліктілікті арттыру бағдарламаларын іске асыруға және барлық балалар мен олардың отбасылары үшін қауіпсіз орта құруға көмектесу үшін жұмыс жасауды жалғастырамыз. Сол жұмыстың барлығы біздің серіктестерімізсіз, аса маңызды жобаларды қолдайтын, алдыңғы шепке шығып, сынаққа төтеп беруге дайын адамдарсыз мүмкін болмас еді. 75 жылға бойлаған тарихымыз – балалар үшін бас біріктірген адамдар шабыт берген үздіксіз өзгерістер тарихы. Осы көрме арқылы біз барлық серіктестерімізге, жақтастарымызға және қызметкерлерімізге тарихымызды баянды еткені үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Әрқашан қолдау көрсетіп жүретіндеріңіңз үшін рахмет!» – деді Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен.

Көрме 1 сәуір - 14 сәуір аралығында Нұр-Сұлтандағы «Mega Silk Way» сауда орталығының бірінші қабатында өтеді. 

Өзгелердің жаңалығы