Балаға жаңа жылдық костюмді қалай таңдауға болады?

10 Желтоқсан 2024, 10:29
626
Бөлісу:
Балаға жаңа жылдық костюмді қалай таңдауға болады?
Фото: - архив

2024 жыл аяқталуға жақын. Ата-аналар балабақшаға, мектепке баратын балаларына жаңа жылдық костюм іздеуді қазірден бастап кетті. Жалпы балаға арналған карнавал костюмін таңдағанда не нәрсеге көңіл бөлу керек? ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Рабиға Айтжанова түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа жылдық киім қандай болғаны жөн?

Жаңа жылдық киім ыңғайлы болуы, денені қыспауы және тоңдырмауы тиіс. Материалдың құрамында синтетика аз болып, костюмның астары табиғи материалдан болуы тиіс. Карнавал киімі сапалы болуы, оның ішінде маскада жағымсыз химиялық иіс болмауы, сонымен қатар бояудың, жылтырдың іздерін қалдырмауы керек, - дейді Айтжанова.

Сарапшының сөзінше, балаға арналған жаңа жылдық костюмді таңдаған кезде тігіс сапасы мен түймелеріне назар аударған жөн. Тігістер тегіс болуы керек, резеңкелер, белбеулер мен бекіткіштер денені қыспауы тиіс.

Бұйым туралы барлық ақпарат көрсетілуі тиіс таңбалаудың болуына назар аударуды ұмытпаңыз. Яғни дайындаушының (дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның), импорттаушының атауы мен орналасқан жері, бұйымның атауы мен түрі, табиғи және химиялық шикізаттың түрі мен пайызы, пайдалану процесінде бұйымға күтім жасау ерекшеліктері жөніндегі нұсқаулықтар, бұйымның мөлшері, аң терісін пайдалану кезінде - оның табиғилығы, жасандылығы мен өңделгені (боялған немесе боялмаған).

Сатушы тұтынушының талабы бойынша оның қауіпсіздігін растайтын тауарға ілеспе құжаттамамен (сәйкестік сертификаты) таныстыруға міндетті. Ұсынылған сертификатқа өнімнің тиесілігін тауарда және сертификатта көрсетілген сәйкестендіру белгілерін салыстыру арқылы тексеруге болады. Әдетте, киімнің сәйкестендіру белгісі - өндірушінің бренді немесе өнімнің артикулы, - деді сарапшы.

Комитет биылдың 10 айында бақылау мақсатында сатып алу шеңберінде балалар мен жасөспірімдерге арналған киім мен аяқ киімнің 485 үлгісін сатып алып зерттеді, оның ішінде Кеден одағының "Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтін 358 үлгіні анықтады, бұл 73,8%. Оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өнімі – 65 (18,2%), басқа елдердің өнімі – 293 (81,8%).

Негізгі бұзушылықтар 92,7%-ы таңбалау ережелерін сақтамауға және 7,3%-ы физикалық-гигиеналық көрсеткіштер бойынша талаптарға сәйкес келмеуге байланысты анықталған.

Өзгелердің жаңалығы