2026 жылы бір баласы бар отбасы бала 1,5 жасқа толғанға дейін мемлекеттен 612 766 теңгеге дейін қолдау ала алады. Жәрдемақылар 10%-ға көбейді, ал жалпы төлем көлемі ата-ананың жұмыспен қамтылу мәртебесіне және отбасындағы бала санына байланысты болады. Бұл жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі BAQ.KZ тілшісінің сауалына берген ресми жауабынан белгілі болды.
Қандай төлемдер қарастырылған
Ведомствоның түсіндіруінше, қолдау көпдеңгейлі әлеуметтік көмек және әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы балалы отбасылар республикалық бюджеттен төленетін 5 түрлі жәрдемақымен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін 2 түрлі әлеуметтік төлеммен қамтылған, – делінген министрлік жауабында.
Бала дүниеге келгенде біржолғы жәрдемақы төленеді:
- бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 350 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 475 теңге.
Сондай-ақ жұмыс істемейтін әйелдерге бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын күтім бойынша жәрдемақы төленеді:
- бірінші балаға – 24 912 теңге;
- екінші балаға – 29 454 теңге;
- үшінші балаға – 33 952 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 493 теңге.
Осылайша, егер анасы жұмыс істемесе, бір баласы бар отбасы 18 ай ішінде 164 350 теңге көлемінде біржолғы төлем және 448 416 теңге ай сайынғы жәрдемақы алады. Жалпы сомасы – 612 766 теңге.
Жұмыс істейтін ата-аналарға арналған төлемдер
Жұмыс істейтін әйелдерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер қарастырылған.
Бала 1,5 жасқа толғанға дейін күтім жасауға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем соңғы 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды, – деп нақтылады ведомство.
Сонымен қатар жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық табысқа қарай есептеледі.
Демек, жұмыс істейтін ата-аналарға берілетін қолдау көлемі әр адамға жеке есептеледі және ресми табысына тікелей байланысты.
Жәрдемақы неше ай төленеді
Бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлемдер бала 1,5 жасқа толғанға дейін, яғни 18 ай бойы төленеді.
Балалы отбасылар негізіне қарай бірнеше әлеуметтік төлемді қатар алуға құқылы, – деп атап өтті Еңбек министрлігі.
Көпбалалы отбасыларды қолдау
"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекске сәйкес, бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар (оның ішінде 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалар) отбасылар көпбалалы болып саналады.
Көпбалалы отбасыларға ай сайын төленетін жәрдемақы мөлшері:
- 4 балаға – 69 330 теңге;
- 5 балаға – 86 673 теңге;
- 6 балаға – 104 017 теңге;
- 7 балаға – 121 360 теңге;
- 8 және одан да көп балаға – әр балаға 17 300 теңгеден.
Егер отбасында мүгедектігі бар бала тәрбиеленсе, ата-анаға немесе қамқоршыға қосымша ай сайын 81 871 теңге (күнкөріс минимумының 1,61 мөлшері) жәрдемақы тағайындалады.