Балаева: Жолдауды жүзеге асыруда Ұлттық кеңестің орны ерекше

1 Қыркүйек 2021, 19:23
3444
Бөлісу:
Балаева: Жолдауды жүзеге асыруда Ұлттық кеңестің орны ерекше

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздігіміз алғаш жарияланғаннан бастап еліміздегі ішкі саяси тұрақтылық мен этносаралық татулық қағидалары біздің мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы болып келеді. Бүгінгі Мемлекет басшысының Жолдауына орай ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осылай деді.

Осының арқасында егемен еліміз осы 30 жылдағы жаһандық дамуда жоталы жетістіктер мен бедерлі биіктерді тұрақты бағындырып келеді. Дегенмен, жетістікке жету бар да, оны сол деңгейде ұстап тұру бар. Бұл тек билік пен халық арасында сауатты да сындарлы байланыс орната алған қоғамда ғана бұл мүмкін болады. Сондықтан да мемлекет әлеуметпен арадағы осы диалогты сақтап қана қоймай, өзара сенім деңгейін түсірмей оны ары қарай нығайта жетілдіру үшін үнемі қажетті шараларды қабылдап келеді - деді министр.

Министрдің ойынша, оның жарқын бір мысалы – құрылғаннан бері іс-әрекетімен сенім үдесінен шыға білген Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық келісім кеңесі. 

Бүгінгі күні бұл тек консультативті Кеңес ресурсы ғана емес, мол интелектуалды мүмкіндігі бар тиімді әрі әлеуетті құрылым. Мемлекет Басшысының алдыңғы Жолдауларында айтылған реформаларды нәтижелі де толыққанды іске асуына тың серпін беретін күшке айналды. Президент бүгінгі халыққа арнаған үшінші Жолдауында да елімізде жүргізіліп жатқан саяси жаңғыру реформаларын жүйелі жалғастырудың маңыздылығына ерекше мән берді. Бұл ретте, ел Басшысының Ұлттық Кеңес мінберінде көтерген бастамалары негізінде сәтті іске асқан саяси реформалар пакетін атап өтуге болады - деді Аида Балаева.

Ол соның нәтижесінде, қоғамда қордаланған көптеген маңызды қоғамдық-саяси және әлеуметтік-құқықтық мәселелер өз шешімін тапқанын атап өтті.

Мысалы, аудандық деңгейлегі қалалар мен ауыл әкімдерін сайлау реформасы соның айқын да жарқын дәлелі бола алады. Еліміздің 14 өңірінде құрылған 1 847 сайлау учаскелерінде өткен аталған сайлауда 2 297 үміткердің ішінен ел тұрғындары 730 жергілікті әкімдерді сайлап алды. Соның ішінде, олардың 627-сі «Ауыл», «Ақ жол», ХКП, АDAL сынды саяси партиялар ұсынған үміткерлерден таңдалды. Мұның өзі, Мемлекет Басшысының бастамасымен қолға алынған реформалардың саяси партиялар мен азаматтық қоғам алаңындағы белсенділікті одан ары жандандыруға тың серпін бергенін көрсетеді - деді министр.

Сондықтан да Президент бұл бағытта қолға алынған шаралардың дұрыстығына кезекті рет тоқталып, 2024 жылы тұрғындарға аудан әкімдерін сайлауға мүмкіндік берілетінін атап өтті. 

Мұнымен қатар, Мемлекет Басшысы, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру ісінде ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларға қолдау көрсетудің маңыздылығына назар аударып, гранттық қаржыландыру жүйесін бейімдеудің тиімді тетігін әзірлеуді тапсырды. Сөз жоқ, аталған шаралардың барлығы да саяси сауатты, демократиялық түсінігі пісіп-жетілген, әлеуметтік белсенділігі жоғары азаматтық қоғам құру жолындағы қарымды да арынды қадам деп білемін - дейді Аида Балаева.
Өзгелердің жаңалығы