Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева елімізді Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. Бұл туралы министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Тыңнан түрен салып, жаңа дүние жасау – айтуға ғана оңай. Соның ішінде, әлемдік картада жаңадан пайда болған тәуелсіз мемлекеттің тізгінін жауапкершілікпен қолға алу – әркімнің батылы барып, жүрегі дауалайтын тәуекел емес. Себебі оның түбінде тұтас халықтың тағдыры мен тарихы тұр. Ол үшін адамда еңселі ерік-жігер, таусылмас төзім мен еңбекқорлық, жаңа заманның талабын дәл түйсінетін көреген көсемдік, жарқын болашаққа деген сенім мен тәуекел болу керек - деді министр.
Әрине, бүгінде бәрі «Кеңес Одағының күйреуінің» арқасы дей салу жеңіл. Оның қалай болғанын, сол процесске тікелей қатысқандар ғана толық түсінеді.
Сол замандағы көпшілік адамдар үшін ол нағыз тоқырау заман болды. Барлығы бір сәтте тоқтап қалды. Жұмыссыздық белең алды, ақша жоқ, барлық зауыттар мен фабрикалар істен шықты. Тіпті бүгінде үздіксіз берілуі қалыпты құбылысқа айналған электр энергиясының өзі жиі сөнетін еді. Тұтас қоғамның ертеңге деген сенімі әлсіреп, дағдарып қалды. Оның ішінде, сол заманда жастар санатында болған өзім де бармын. Сол қиын кезеңде егер ел басшылығына Нұрсұлтан Әбішұлы келмегенде, Тұңғыш Президенттің дарынды қабілеті мен жалынды күш-жігері болмағанда, тәуекелге бел буып ел тағдырына қатысты батыл шешімдерді қабылдамағанда, мемлекет дамуының дәл бүгінгідей даңғыл жолға түсуі екіталай болар еді - деді Аида Ғалымқызы.
Ол бүгінде өзге елдерге үлгі болатын еңселі Елордасы бар, әлем мойындаған мемлекеттік шекарасы бекіген, ортақ тарих біріктірген алуан этносты қазақстандықтар екенімізді мақтан тұтатынымызды айтты.
Бағыт-бағдарымыз белгілі, кемел келешекке деген сеніміміз нық, ұрпақтың жарқын болашағына деген үмітіміз айқын. Ең бастысы, осы жылдар ішінде, ашық аспан түстес бейбітшілік рәмізіндей туын мақтан ететін, елдің рухын көтерері әнұранын тебірене шырқайтын тәуелсіз елдің еркін ойлы ұрпағы қалыптасты. Қазақстан елінің бүгінде әлем мойындаған мемлекет болып қалыптасып, дамудың бүгінгі даңғыл жолына түсуінің барлығы да – Елбасының дана саясаты мен терең парасатының арқасы - деді министр.
Сондай-ақ министр Қазақстан халқын бүгінгі мерекемен құттықтады.
Баршаңызды бүгінгі 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қарапайым халық қай кезде де Елбасының әр бастамасына қолдау көрсетті және тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі өсіп-өркендеуінің түбінде әрбір қазақстандық үлесі жатыр. Сондықтан да елдіктің белгісіне баланатын бұл мереке – бір тұлғаның емес, тұтас ұлттың, тәуелсіз жұрттың ортақ қуанышы. Баршаңызға мереке құтты болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ пен береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін! - деді Аида Балаева.