Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.2022 жылы БАҚ туралы жаңа заң әзірлеу және қабылдау жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Аида Балаева айтты.
Мемлекеттік ақпараттық тапсырыстар берудің жаңа ережелері туралы айтқым келеді. Ал болашақта бұқаралық ақпарат құралдары туралы сапалы жаңа заң қабылданады. Бұл тұрғыдағы мақсат – мемлекеттің бірыңғай ақпараттық саясатының заңнамалық қамтамасыз етілген тетіктерін қалыптастыру. Осы орайда БАҚ туралы жаңа заң 2022 жылы әзірленіп, қабылдануы үшін биыл заң жобасының тұжырымдамасы кеңінен талқылауға ұсынылады, - деді Балаева.
Ол былтырғы жылы министрлік журналистердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау курсын, сондай-ақ салалық журналистиканы дамытуды бастағанын айтты. Енді бұл жоспарлар жүзеге асырылып жатыр.
8 ақпаннан бастап алғашқы 50 журналист Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да медициналық тақырыптарда мамандандыра бастайды. 15 ақпаннан бастап, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де кем дегенде 50 журналист діни саладағы білімдерін жетілдіреді және 22 ақпаннан бастап тағы 50 журналист үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да экологиялық тақырыпта сабақтар басталады . Осындай жұмыстар басқа университеттермен аграрлық, заңгерлік, экономикалық және әлеуметтік-еңбек салаларында жүргізілетін болады,- деді министр.