Қызылордада балабақшада бүлдіршін қайнаған суға күйіп қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға Қызылордадағы жекеменшік балабақшалардың бірінде болған.
Қадірлі ағайын! Сіздермен ауыр жағдаймен бөліскім келеді. 22 мамыр күні сағат 16:00 шамасында Қызылорда қаласындағы Бименді Баймаханов 6 мекен жайдағы орналасқан "Сыр болашағы" балабақшасында менің қызым — Шардарбек Еркежан (2023 ж.т.) — тәрбиеші мен күтушінің әрекетінен қайнаған сумен күйіп қалды. Нәтижесінде, Еркежанның денесінің 40%-ын 1, 2 және 3 дәрежелі күйіктер шалды. Ол ауыр жағдайда реанимацияға түсті, қазіргі таңда палатаға ауыстырылды, бірақ жағдайы әлі де күрделі. Біз, ата-аналар ретінде, бұл жағдайдың әділ тергелуін, кінәлі тәрбиеші мен күтушіні ғана емес, балабақша басшылығы мен Қызылорда қалалық білім бөлімінің жауапты тұлғаларын да жауапкершілікке тартуды талап етеміз. Мұндай қайғылы жағдай ешбір бала мен ата-ананың басына түспеуі тиіс. Балабақшаларға, өрт қауіпсіздігіне және санитарлық жағдайға бақылау күшейтілуі керек. Сіздерден қолдау сұраймын. Әділдік орнасын!, - дейді баланың әкесі Ақылбек Ыбыраев.
Балабақша меңгерушісі оқиғаға қатысы бар екі қызметкер жұмыстан шығарылғанын хабарлады.
22 мамырда бала дәретханаға барған кезде киімін былғап алған. Тәрбиешінің көмекшісі оны жуындырамын деп ыстық судың кранын ашып жіберген. Сол кезде бала абайсызда күйіп қалған. Ата-анасынан болған жағдай үшін кешірім сұраймыз. Біз баланың жағдайын күнде сұрастырып, мүмкіндігінше көмектесуге тырысып жатырмыз. Екі қызметкер жұмыстан шығарылды. Бала толық жазылып кеткенше барлық ем шығындарын өз мойнымызға аламыз, – дейді балабақша меңгерушісі Ақжан Абдуллаева.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының мамандары да баланың денсаулығына қатысты пікір білдірді.
Қыз баланың қолы, іші, арқасы, сол жақ аяғы мен жамбасы күйіп қалған. Терісінің шамамен 20 пайызы зақымданған. Дәрігерлер баланың денсаулығын қалпына келтіру үшін барлық мүмкіндікті жасап жатыр. Сауықтыру шаралары шамамен 20 күнге созылады, – деді облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәбит Тұрсынбекұлы.
Қазіргі таңда бала жансақтау бөлімінен травматология бөліміне ауыстырылған.
Еске салайық, бұған дейін балабақшада 1,5 жасар қызды басқа бала 25 рет тістеп тастағаны туралы жазған болатынбыз.