Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада мектепке дейінгі ұйымдар бұрынғы режимде жұмыс істей береді.
Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова айтты.
Ең алдымен, мектепке дейінгі ұйымдар бұрынғы режимде жұмыс істейінін хабарлаймын. Балабақша қызметкерлерінің жалақысы сақталады. Педагогтар кезекті еңбек демалысына кестесіне сәйкес, сондай-ақ қалауы бойынша шыға алады. Балабақшаларда топтарды біріктіру кезінде педагогтар сағаттық жүктемені (ставка) сақтай отырып, әдістемелік қызметпен айналыса алады, - деді Шолпан Қадырова
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ҚР білім және ғылым министрлігі мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған жеке мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру мәселесін пысықтауда екен.
Әрине, инфекцияның алдын алу және жол бермеу бойынша жұмыс күшейтілген режимде жүргізілетін болады. Карантин кезеңінде басшылар, медицина қызметкерлері күн сайын вирусты инфекциялардың алдын алу үшін тәрбиеленушілерді аралап шығады (температураны өлшеу, көзбен шолып тексеру), жұқпалы аурулардың кез келген көріністерін қадағалайды. Қазіргі таңда 512-ден астам дезинфекциялық құралы бар дозатор орнатылды. Сондай-ақ, "коронавирустың" алдын-алу іс шарасы негізінде, баланың балабақшаға келмеген күндеріне, ата-аналардың жазбаша өтінішін негізге ала отырып, қайта есептеу жүргізілетін болады, - деді басқарма басшысы.
Елордада жалпы контингенті 55 708 баланы құрайтын әртүрлі үлгідегі 377 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде: мемлекеттік – 94, жеке – 237, оның ішінде 214 мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған, шағын-орталықтар – 43, ведомстволық – 3. Орта білім беру ұйымдарының мектепалды сыныптарында 3 485 бала оқиды.
Мемлекеттік балабақшаларда 30 794 бала болса ,оның ішінде 25 085 (81,5%) бала келген жоқ. Жеке меншік балабақшаларда контингент 24 914 оның ішінде 18955 (76,1%) бала келмеді. Жалпы саны - 55 708 бала, оның ішінде (мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларда) 44 040 (79,7%) бала келген жоқ, - дейді Шолпан Қадырова.