Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҚР Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бағдарламасынан ағылшын тілін оқыту алынып тасталуы мүмкін екенін айтты.
"Мектепке дейінгі білім беру бойынша мемлекеттік бағдарламада бір индикатор мен 12 көрсеткішті, 19 шараны іске асыру көзделген. Аккредитациядан өткен мектепке дейінгі білім беру ұйымдардың үлесіне қатысты бір көрсеткіш орындалмады. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру кезінде елдегі 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 81,6%-дан 95,2%-ға артты. Жеке балабақшалар саны қысқа мерзімде екі есе артты. Балабақша кезегінде тұру 70 пайызға автоматтандырылды", - деді Білім және ғылым министрі.
Аймағамбетов елде бірыңғай электронды кезектің болмауы мен кейбір балабақшада лицензия мен аккредитацияның жоқтығы да мәселе туындататынын атап өтті.
"Әсіресе жеке меншік балабақшаларда келеңсіз жағдайлар көп. Осы бойынша біз тиісті шараларды қабылдап жатырмыз. Мектепке дейінгі білім беру бағдарламасынан ағылшын тілін оқытуды алып тастау және тәрбиешілердің жалақысын арттыру жоспарланып отыр", - деді министр білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының алдын ала қорытындысы туралы баяндамасында.
Естеріңізге сала кетейік, балабақша қызметкерлерінің 40%-ында арнайы білімнің жоқ екендігін айтқан болатынбыз. Сонымен қатар, мәжіліс вице-спикері Гүлмира Исимбаева білім гранттарының саны көбейгенімен игерілмей жатқанын айтқан болатын.