Бала туғаннан кейін экономика не жоғалтады: Сарапшылар мәселені түсіндірді

5 Қазан 2026, 09:29
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов 5 Қазан 2026, 09:29
5 Қазан 2026, 09:29
260
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Бала дүниеге келгеннен кейін әйелдердің табысы мен мансаптық өсу қарқыны баяулайды. Ал бұл құбылыс тек отбасының ғана емес, тұтас экономиканың мәселесіне айналып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Нобель сыйлығының лауреаты, экономист Клаудия Голдиннің зерттеуіне сәйкес, ерлер мен әйелдер арасындағы табыс айырмашылығы көбіне жоғары оқу орнында немесе жұмысқа қабылдау кезінде емес, алғашқы бала дүниеге келгеннен кейін байқалады, деп жазады Economykz сарапшылары.

Сарапшылардың айтуынша, көптеген отбасында бала күтімі бойынша негізгі жауапкершілік әйелдерге жүктеледі. Соның салдарынан аналар жұмыс уақытын қысқартады, қызметтік өсуден бас тартады немесе бірнеше жылға еңбек нарығынан шығып қалады. Бұл олардың табысына ғана емес, кәсіби дамуына да әсер етеді.

Қазақстанда заң бойынша үш жасқа дейінгі бала күтіміне арналған демалысты ана да, әке де рәсімдей алады. Алайда мұндай мүмкіндікті ер адамдар сирек пайдаланады. Мамандар мұны қоғамдағы қалыптасқан көзқараспен және мансапқа кері әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылықпен байланыстырады.

Зерттеу авторлары мәселенің түп-төркіні балаларда емес, еңбек нарығының ұйымдастырылуында екенін айтады. Көптеген жұмыс беруші ұзақ уақыт үздіксіз жұмыс істейтін және кез келген уақытта қолжетімді қызметкерлерді жоғары бағалайды. Сондықтан еңбек жолындағы кез келген үзіліс мансаптық мүмкіндіктердің азаюына әкелуі мүмкін.

Сарапшылар бұл мәселені шешу үшін балабақша мен бөбекжайлардың қолжетімділігін арттыруды, икемді жұмыс кестесін дамытуды және әкелердің бала күтіміне белсенді қатысуына жағдай жасауды ұсынады.

Олардың пікірінше, білікті маманның мамандығынан ұзақ уақыт қол үзуі отбасы табысының төмендеуіне ғана емес, мемлекет үшін де шығынға айналады. Өйткені экономика тәжірибелі кадрларды, олардың білімі мен кәсіби әлеуетін толық пайдалана алмайды.

Мамандар ата-аналардың бала туғаннан кейін де еңбек нарығымен байланысын сақтап қалуына мүмкіндік беру ұзақ мерзімді экономикалық өсімге оң әсер ететінін атап өтті.

Наверх