Бала тағдыры – ойыншық емес

28 Наурыз 2023, 17:35
1510
Бөлісу:
Бала тағдыры – ойыншық емес
Фото: elorda.info

Биылдан бастап Ақмола облысында кәсіби патронаттық отбасын құру жобасы іске асырылуда. Өңірде 16 асырап алушы ата-ана жаңа жобаға қатысуға ниет білдірді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

«AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында жаңа жобаға қатысты мәселелер айтылды.

Облыста қазіргі күні 1 523 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың 1204-і қамқорлықта, 120-ы патронатта, 16-ы асырап алушы отбасыларда. Өткен жылы 54 бала мемлекеттік мекемелерге қайтарылды.

Бала көшеден табылса, үш күн ішінде барлық қызметтер сол баланың ата-анасын іздейді. Егер осы уақыт ішінде ешкім табылмаса, алты айға қысқа мерзімді отбасына орналастырылады. Бұл жағдайда туыстарын іздеу жалғасады. Осы уақытта отбасымен жұмыс жүргізіліп, шешім қабылдануы керек, баланы туған отбасына да қайтаруға болады. 

Көкшетау қаласындағы «Ана үйі» ҚҚ жанындағы «Балажан» жобасының жетекшісі Лаура Ақатаеваның айтуынша, егер отбасы қиын өмірлік жағдайға тап болса, бала отбасынан бөлініп, интернаттық мекемелерге орналастырылады. 

Егер бала 3-4 жасқа толмаған болса сәбилер үйі, егер қалыпты дамып келе жатқан болса балалар үйі және мүгедектігі болса, медициналық-әлеуметтік мекеме болуы мүмкін. Біз кез-келген бала үшін, қанша жаста болса да, оның жанында жақын ересек адам болуы өте маңызды екенін білеміз. Бұл оны тыңдай білетін, қажеттіліктерге жауап беретін және оған отбасы моделін беретін адам. Жасырары жоқ, қазір қолайсыз отбасылардан шыққан балалар көп. Сондықтан, бала теріс бағытты қайталамауы үшін басқаша тәжірибе берілуі керек. Ал әлемнің көп елдері интернаттық мекемелерден бас тартқан. Егер топта 15 бала болса да, бұл отбасы емес. Өйткені балалар үйлерінде ата-ана, туыстық қарым-қатынас деген ұғым жоқ. Бала интернатқа кіргеннен дәл осы тәжірибеден айырылады. Асырап алушы отбасы балалар интернатын ауыстыруға арналған жоба. Егер отбасы қиын өмірлік жағдайға тап болса, онда бала асырап алушы отбасына түседі. Ондағы баланың жағдайын үнемі бақылап, осы отбасына қолдау көрсету қажет, - дейді Лаура Ақатаева.

Ол атап өткендей, алдымен асырап алушы отбасының әлеуметтік жағдайы талданады. Бірінші кезеңде патронаттық тәрбиешілер сияқты, асырап алушы ата-аналар қамқоршылық органдарына жүгінеді. Содан кейін асырап алушы ата-аналар мектебінен өтуі керек. Сертификат алғаннан кейін олар асырап алушы отбасы болуға өтініш береді.

Неліктен біз барлық балалар интернаттық мекемелер функциясын өзгерту керек деп айтамыз? Яғни, олар алдын-алу үшін жұмыс істеуі керек. Ата-ана қамқорлығынан айырылу қаупі бар отбасыларды анықтап, тиісті көмек көрсетуі тиіс. Өйткені әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың көбі жәрдемақылар туралы білмейді, ал әлеуметтік қызметкер дәл осы сәтте көмекке келеді. Балаларды күтіп-бағу шығындары да өтеледі. Егер біз отбасына уақытында қолдау көрсетсек, жетімдер саны азаяр еді. Отбасына қолдау көрсету дегеніміз, егер бала өз отбасын, ата-анасын жоғалтса да, ата-әжесі, атасы, тәтесі, ағасы бар. Көп жағдайда отбасы қиын жағдайға тап болғанда, туыстармен байланысы үзіледі, бұл ең үлкен қиындық, - деп түсіндірді жоба жетекшісі.

Оның айтуынша, туыстары баланың интернатқа түскенін кеш біледі. Әлеуметтік қызмет отбасының қауіпті аймақта екенін анықтағаннан кейін, осы отбасының әлеуметтік ортасын толығымен зерттеуі керек.  

Егер баланы осы отбасынан ажырату қажет болса, алдымен туыстарымен сөйлесу керек, өйткені олар баланы алуы мүмкін. Бас тартқан жағдайда бала асырап алушы отбасына орналастырылады. Бірақ бұл жерде ешқандай алаңдаушылық болмауы керек. Интернаттық балалар мекемесінде барлығы бақылауда, камералар бар және т. б. туралы жиі айтылады, бірақ бұл жерде мониторинг жүргізіліп, әлеуметтік қызметкер отбасындағы баланың жағдайын бақылайды. Еліміз бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар патронаттық отбасыларды даярлау, патронаттық ата-аналар мектебі, одан әрі балаларды интернаттық мекемелерден патронаттық отбасыларға орналастыруға жәрдемдесуге, қолдау көрсетуге бағытталған , – деп қосты Лаура Ақатаева. 

Барлығын қамқоршылық мәселелеріне жетекшілік ететін білім бөлімінің бір маманына жүктеу мәселені толық шешпейтінін айтады мамандар.

Мысалы, АҚШ-та әр баланың әлеуметтік қызметкері бар. Ол баланың ата-анасын немесе басқа туыстарын іздейді, айына бір рет фостер отбасына келеді, бәрін тексеруге, сұрауға құқылы. Сол сияқты адвокат оның құқын қорғайды. Баламен жеке сөйлеседі, ол туған ата-анасымен немесе фостерде қалуды, әлде туыстарымен бірге тұруды қалай ма – сотта баланың мүддесін қорғауға міндетті. Судьяның тапсырмасы бойынша офицер үйге келіп, баланың өмірін бақылайды. Кейін судьяға жеке есеп береді. Отбасына бекітілген әлеуметтік қызметкерге әрқашан кез-келген сұрақ-өтінішпен жүгіне аласыз. Заң бойынша отбасы алғаш рет лицензия алған кезде, әлеуметтік қызметкер екі апта сайын келуі керек, - дейді «Ана үйі» ҚҚ үйлестірушісі Құралай Жұмабекова.

 Сонымен қатар, мұндай отбасылардың ересек мүшелері волонтерлік негізде жұмыс істейді. Бұл ретте олардың барлығы 53 сағаттық курстан өтуге, лицензия алуға және жыл сайын 10 сағаттық біліктілікті арттырудан өтуге міндетті.

 Қиындыққа тап болған балалар үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын адамдар кімдер? Уақытша отбасы баламен жақын арада қоштасуға тура келетінін біледі. Ал егер ол сол отбасына бауыр басып қалса ше? Барлық отбасы мүшелері (оның ішінде туған балалары) өз үйінде тағдыры қиын, девиантты мінез-құлқы бар қонақты көруге дайын ба? Сонымен қатар, стресс жағдайы балаларда әртүрлі жолдармен көрінеді. Туған үйде қалыптасқан жаман әдеттер күрделенуі мүмкін. Кәсіби отбасындағы басқа балалармен қарым-қатынасы қалай болады? Әрине, отбасы мүшелері дайындықтан өтетіні белгілі, - дейді Құралай Жұмабекова.

Әлемдік тәжірибе ең жақсы деген балалар үйі отбасын еш алмастыра алмайтынын растап отыр. Кәсіби патронаттық отбасылар дамыған елдерде жақсы дамыған. Кәсіби патронаттық отбасыларды кім бақылайды? Оларға кім көмектесіп, кеңес береді? 

Шетел тәжірибесіне үңілсек, олар жыл сайын біліктілігін арттыруы тиіс. Бұл отбасылардың баланы қалай тәрбиелейтіні бақыланады. Келісім жасалады және әлеуметтік қызметкер ата-аналармен баламен қалай жұмыс істеу керектігін талқылайды. Асырап алушы ата-аналар бала өзін-өзі қамтамасыз ете алатын жасқа жеткенше қолдау көрсетуі тиіс. Ата-аналардың бірі өзінің тұрақты жұмысын тастауға да дайын болуы керек. Маңызды дереккөздерде сабаққа қатысқандардың барлығына сертификаттар берілетіні туралы жазылған. Алайда бұл баланы отбасына сәтті қабылдау кепілі емесі анық. Асырап алушы ата-аналар мектептері мемлекеттік мәртебеге ие болған жөн, – деп пікір білдірді қоғам белсендісі Елдана Омарова.

Өзгелердің жаңалығы