Бала құқын қорғау – ортақ міндет

23 Қаңтар 2023, 16:03
1357
Бөлісу:
Бала құқын қорғау – ортақ міндет

Былтыр ел өңірлерінде пайда болған жаңа лауазым иелері – балалар омбудсмендеріне жеткіншектер де, ата-аналар да өз құқықтарын қорғау үшін жүгіне алады, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Ақмола облысы бойынша балалар құқықтары жөніндегі уәкіл – «Шанс» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының директоры Әсем Асайынова бала құқының бұзылуына қатысты қандай мәселеге назар аудару керектігін айтты.

– Өңірде балалардың құқықтарын қорғау бойынша қандай проблемалар бар? Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар неге баса назар аудару керек?

– Үш айдан бері балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдің міндетін атқарамын. Әрбір ақмолалық бала үшін қандай жауапкершілік жүктелетінін түсінемін. Күн сайын түрлі мәселелермен бетпе-бет келеміз, өкінішке орай, олар азаймай отыр. Сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша сот отырыстарына қатысамын, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның мүшесімін. Алты жылдан бері балалар мәселесі бойынша жұмыс істеп келемін. Жеткіншектерге қатысты қылмыстар жасалады, балалар құрбан болады, зорлық-зомбылықтың куәсі болады, заңға қайшы келеді, баланың құқықтары бұзылады. 2017 жылдан бері «Шанс» жасөспірімдерге әлеуметтік-психологиялық, құқықтық көмек көрсету орталығын басқарамын. Орталықтағы әріптестерім 68 өтінішті пысықтады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбы өте маңызды. Біз мемлекеттік органдармен «Қауіпсіз балалық шақ», «Түнгі қаладағы балалар» акцияларына белсенді қатысамыз. Атқарушы билік өкілдері, құқық қорғау, қадағалау органдары, қоғамдық ұйымдар балалардың қауіпсіздігіне назар аудару үшін бірлесе жұмыс атқаруда. Акция барысында балалар үшін қауіпті орындар – қоршалмаған шұңқырлар, шомылуға тыйым салынған су айдындары, иесіз жертөлелер анықталып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдануда. Ұзаққа созылатын сот процестерінде көп жұмыс жүргізіледі. Бұл жағдайда баланың өзін жайлы сезінуі және қорықпауы өте маңызды. Отбасында мұндай жағдайлар болмас үшін аудандарға да шығып, түрлі тренингтер мен семинарлар өткізіледі. Омбудсмендер баланың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзылуына байланысты өтініштер, жергілікті атқарушы органдар мен басқа ұйымдардың әрекеті немесе әрекетсіздігіне қатысты шағымдарды қарайды. Сондай-ақ, біз балаларды қорғау мәселелері бойынша заң жобаларын ілгерілетуге қатысамыз. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер балалар ұйымдарымен тығыз байланыста екенін атап өткім келеді.

– Балалар құқықтарының бұзылуы қалай анықталады? Азаматтар қандай мәселемен жүгінеді?

– Өтініштердің ең көп бөлігі отбасында балалардың құқықтарының бұзылуына қатысты (ата-аналардың міндеттерін орындамауы, ұрыс-жанжалдар, ажырасулар, алименттер). Екінші орында – даулы мәселелер (балаларға жәрдемақы есептеу, тұрғын үйге кезек). Осы уақыт ішінде түрлі мекемелер бойынша 13 даулы мәселені шешуге қатыстық. Біз өз тарапымыздан ұсыныс білдіреміз, өйткені көп жағдайда дау-жанжалдар бала құқының бұзылуына әкеледі. Үшінші орында – балалары бар отбасылардың, сондай-ақ жетім балалардың тұрғын үй құқықтарын сақтау. Бұл ретте барлығы халықтың құқықтық сауаттылығына және азаматтардың құқықтық санасына байланысты. Сондықтан біз өтініштер бойынша ғана жұмыс істеумен шектелмейміз. Балалар мен ата-аналарды, мамандарды, жұртшылықты құқықтық тәрбиелеу маңызды бағыт деп санаймын. Былтыр Балалар жылы аясында өңірде осы бағытта 20-дан астам кездесу өтті.

– Биылғы жылға қандай міндеттер қойылып отыр?

– Бала құқы мен бостандығы, олардың заңды мүддесін іске асыру және қалпына келтіруге жәрдемдесу, Үкіметке заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу міндеті қойылып отыр. Атап айтқанда, ювеналды полиция, білім басқармасы, ювеналды сотпен тығыз ынтымақтастық байланыста бала құқықтарының бұзылуын анықтау, азаматтардың өтініштерімен жұмыс істелетін болады.

– Өзіңіз басқаратын «Шанс» дағдарыс орталығының қызметіне тоқталсаңыз...

–Ақмола облысы бойынша «Шанс» кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығы 2017 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдерге және балаларға көмек көрсетіледі. Бұл бағытта біз мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз, бұл мұқтаж жандарға кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мекеме 24/7 режимінде жұмыс істейді, консультациялық қызметтер үшін тәулік бойы сенім телефонының жұмысы ұйымдастырылған. Орталық мынадай қызмет түрлерін көрсетеді: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер. Жыл сайын қолайсыз отбасылардың тұрғын үй жағдайларын тексеру, проблемалық мәселелерді талдау, психологиялық және заңгерлік көмек көрсету жүргізіледі.

Бұрын орталық жалдамалы коттеджде жұмыс істеген болса, қазір қажетті барлық заттармен жабдықталған үлкен ғимарат пайдалануға берілді. Осының арқасында орталықта жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Тігін бөлмесі ашылды, оны кез-келген адам пайдалана алады. Әйелдер өздері үшін де, балалары үшін де өнімдер тігеді, тігіншілік қызмет көрсетеді, бұған ешқандай шектеу жоқ. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы орталықта тұрып жатқан әйелдерді жұмысқа орналастыруға көмек қолын ұсынды. 

2020 жылы орталықта 40 адам орналастырылды, оның ішінде 9 әйел және 31 кәмелетке толмаған бала, 335 адам құққытық кеңес алды. 2021 жылы 147 адам, оның ішінде 28 әйел мен 119 жасөспірім, 316 адам кеңес алды. Өткен жылы 275 адам, оның ішінде 56 әйел ( 28-і тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны) және 219 кәмелетке толмағандар, оның ішінде өмірлік қиын жағдайға тап болған 160 балаға құқықтық көмек көрсетілді. 621 адам кеңес алды.

Бала құқын қорғау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты, сондықтан бұл мәселеге бүкіл қоғам назар аударуы керек, ата-аналар балаларды тәрбиелеу және қамқорлық көрсету бойынша өздерінің тікелей міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы тиіс. 

- Сұхбатыңызға рақмет!

Өзгелердің жаңалығы