Бала асырап алғандарға мемлекет ай сайын ақша төлейді

6 Қараша 2024, 12:59
1048
Бөлісу:
Бала асырап алғандарға мемлекет ай сайын ақша төлейді
Фото: автордан

Елімізде кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасына Оқу-ағарту министрлігі бастамашы болды. Ведомство басшысы Ғани Бейсембаев заң жобасының негізгі новеллаларымен таныстырды.

Оның айтуынша, заң кәсіби қабылдаушы отбасы тұжырымдамасын заңнамалық тұрғыдан бекітеді. Баланы қабылдайтын кәсіби отбасына орналастырудың балама нысанын белгілеу арқылы жетілдіруге бағытталған құқықтық нормалар қарастырылады. Баламалы нысан төрт санатқа қатысты болады: жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, панасыз және көшедегі балалар, сондай-ақ олардың отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандары.

Заң жобасында кәсіби қабылдаушы тәрбиешілерге қойылатын талаптар белгіленеді. Олар балаларға қолайлы жағдай жасай алатын, тұрғын үйі бар 30 бен 63 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары болуы керек. Кәсіби қабылдаушы отбасы мәртебесін алуға ниетті отбасылар қорғаншылық және қамқоршылық органдарында психологиялық дайындықтан және аккредиттеуден өтуі тиіс. Олар алты айдан аспайтын уақыт ішінде бір мезгілде 4 балаға дейін қабылдай алады, - деді министр.

Бұл ретте отбасылар қорғаншы немесе қамқоршы органмен жасалған шарт негізінде балаларды кез келген уақытта таңдау құқығынсыз қабылдауға міндетті. Тәрбиешілердің қызметіне ай сайын 70 АЕК көлемінде ақы төленетін болады, сонымен қатар мемлекет әр баланы асырауға 10 АЕК бөледі.

Кәсіби қабылдаушы тәрбиешілер тоқсан сайын қорғаншылық және қамқоршылық органдарына балалардың денсаулық жағдайы, тәрбиелеу барысы, балаларды күтіп-бағуға бөлінген қаражаттың жұмсалуы, сондай-ақ олардың мүлкін басқару туралы есеп беруге міндетті болады.

Өзгелердің жаңалығы