Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыс орталығына қарасты Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Жәмилә Сәдуоваға жаңа пәтердің кілтін табыс етті.
Бүгін «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ауласында дәстүрлі түрде өтетін «Жүрек жылуы» қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Акция барысында тұрмысы төмен 1600-ден аса отбасыға азық-түлік үлестірілді.
Осы жиында 9 қаңтар күні Ақсуат ауылдық округіне қарасты Наурыз саяжайындағы үйде көмірқышқыл газына уланып, қаза тапқан 3 баланың анасы Жәмилә Сәдуоваға да баспананың кілті табысталды. .
«Жабырқағанның жанынан табылу, шарасызға көмек қолын созу, қайырымдылық жасау – халқымыздың қанына біткен асыл қасиеттердің бірі. Өздеріңіз білесіздер, осыдан бірер ай бұрын, үш бірдей бүлдіршінімізден қапияда көз жазып қалдық. Бұл қайғылы жағдай тек бір отбасының ғана емес, тұтас елдің қабырғасын қайыстырып, еңсемізді түсірді. Бірақ, Алланың ісіне амал бар ма?! Халқымызда "Қайғыны бөліссең азаяды..." деген сөз бар. Олай болса, сол үш бүлдіршініміздің анасы Жәмилә Сәдуова қарындасымызға Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қаладан 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыстағалы отырмыз», – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, аз қамтылған 1600-ден аса отбасыға азық-түлік берілді. Азық-түлік олардың үйлеріне арнайы көлікпен жеткізіледі. Оған кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері демеушілік жасады. Акция кезінде «Ақмешіт-Сырдария» мешіті ауласына қайырымдылық жәшігі қойылды. Сауапты іске үлес қосқысы келгендер қаржыларын жәшікке салып жатты.
Бұдан бөлек, апатты үйлер мен жатақханаларда тұратын отбасылар «Орда» бағдарламасы аясында жаңа пәтерге ие болды.
Айта кетейік, екі жыл бұрын облыста «Орда» тұрғын үй құрылысына бағытталған Жол картасы әзірленген еді. Бағдарлама аясында 19 жылға дейінгі 35 мыңнан 43 мың теңгеге дейін төлеммен, 20% алдын ала төлемсіз 500 мың кепілдік жарнасы арқылы пәтер алуға болады.
Сондай-ақ, 13 ақпанда өткен Қызылорда облысы әкімінің есептік кездесуінде Қырымбек Көшербаев әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтуға байланысты арнайы өңірлік бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын.