Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балқаш қаласында туристік инфрақұрылымды жақсарту бойынша нақты жоспарлар құру қажет. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек бұл тапсырманы курорттық аймақты дамыту мәселелері бойынша өткізілген жиналыста берді.
Естеріңізге сала кетейік, Балқаш көлінің жағалауы республикалық маңызы бар ең тартымды туристік нысандардың ТОП-10-ына кірді. Халықаралық консалтингтік компаниямен бірлесе отырып Балқаш курорттық аймағын дамыту жоспары әзірленді, ол Балқаш, Приозерск қалалары мен Тораңғалық және Шұбар-төбек кенттерін қамтиды. Бүгінгі таңда бұл курорттық аймақта 53 демалыс үйі мен демалыс орындары орналасқан. Олар жылына 80 мың турист қабылдайды.
"Балқаш қаласына үлкен бас инфрақұрылым тартылады. Алматы тарапынан да жол құрылысы 2021 жылға қарай толығымен аяқталады. Көлік қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Балқаш қаласы мен Ақтоғай ауданының туристерді қарсы алуға дайындығы қазіргі таңда үлкен мәселе болып отыр. Қонақ үй орындары жетіспейді. Өңірді аралау барысында мұнда бар инфрақұрылым қазіргі туристің қажеттіліктеріне сәйкес келмейтінін байқап отырмыз", - деді Жеңіс Қасымбек.Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбековтің айтуынша, сумен және электрмен жабдықтау бойынша инфрақұрылымдық жобалар екі кезеңде жүзеге асырылады. Біріншісі - 2023 жылға дейін, екіншісі - кейін. Бүгінде қалада жер телімдерін түгендеу жүргізілуде. Қазір Балқаш қаласында жұмыс істеп тұрған 10 демалыс үйі, Ақтоғай ауданында - 54 демалыс үйі бар.
Кеңесте Балқаш курорттық аймағындағы туризмнің негізгі өсу нүктесі – Тораңғалық және Шұбар-төбек кенттерінің жағалауында орналасқаны айтылды.
"Онда жақсы жағажайлар бар бос жер учаскелері көп. Сондықтан екі ауылды бір курорттық аймаққа біріктіруге болады. Тораңғалық ауылында 95 жаңа үй немесе демалыс аймағы салынады. Бұл қосымша 900 қонақ үй номерін береді және туристік ағымды ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2023 жылға қарай 385 нөмірлі 13 жаңа демалыс үйін салу жоспарлануда. Шұбар-төбек кентінде туристер үшін демалыс орындарын дамыту қажет. Сондай-ақ инженерлік желілер, электр беру желілері, ҚТҚ полигоны, сумен жабдықтау және жағажайларды жайластыру мәселелерін шешу қажет", - дейді Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.Кеңес қорытындысы бойынша, облыс әкімі Балқаш қаласының нақты коммуналдық мәселелерін шешу, сондай-ақ жалпы туризмді дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
"Әрбір елді мекен бойынша курорттық аймақта нақты жоспарлар мен жобалар қажет. Оларды әзірлеңіздер және біз оны тағы да талқылаймыз. Демалыс орындарының құрылысы туралы ғана айтып, сонымн шектелуге болмайды. Құрылыс нәтижесінде жайлы жағдай жасалып, туристердің саны артуы тиіс", - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.