Еліміздің оңтүстік өңіріндегі қыздар Бахрейнге сексуалдық құлдыққа сатылып келген

12 Қыркүйек 2020, 19:01
10931
Бөлісу:
Еліміздің оңтүстік өңіріндегі қыздар Бахрейнге сексуалдық құлдыққа сатылып келген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ІІМ қызметкерлері құрамына Қазақстан, Ресей және Бахрейн Корольдігінің азаматтары кірген қылмыстық топтың заңға қайшы әрекетінің жолын кесті. 

Polisia.kz хабарлағандай, аталмыш қылмыстық топ адам сатумен, әсіресе Бахрейнде сексуалдық қызмет көрсету үшін кәмелеттік жасқа толмағандарды сатумен айналысқан.

Көп уақыт бойы олар Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен халықтың осал тобына жататын отбасылардың 16-25 жас аралығындағы қыздарын іздестірумен, әрі қарай жұмыс күші ретінде тартумен айналысып келген. Қылмыскерлер қыздардың сеніміне кіріп, шетелде жалақысы жоғары жұмысқа тұру мүмкіндігі бар екенін айтқан. Кейіннен келісімге келген соң, паспорт жасаумен, Қазақстан шекарасынан Бахрейнге заңды түрде өткізу мәселелерін шешкен. Жұмысқа тартылған әрбір қызды қылмыскерлер Бахрейнде 5-тен бастап 15 мың АҚШ долларына дейін сатқан. Манамаға жеткізілгеннен кейін олар қыздардың паспорттарын тартып алып, бас бостандығынан айырып, ұзақ уақыт бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Тыңдамаған жағдайда физикалық күш қолданып, 500 мың теңгеге дейін жететін ақшалай айыппұл салып, басқа сутенерларға сатып жіберетінін немесе Бахрейнде жезөкшелікпен айналысатындар жауапқа тартылатынын алға тартып, құқық қорғау қызметкерлеріне тапсыратынын айтып қорқытқан, - делінген ақпаратта.

Қазір ҚР ІІМ ҚК 135-бап, 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша және 128-бап, 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады, тергеу амалдары жүргізілуде.  

Ұйымдастырушылар ұсталып, уақытша қамау изоляторына тоғытылды. 

Бұған дейін БАҚ-та хабарланғандай, осы жылы Бахрейн Корольдігінде адам саудалаумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтың заңға қайшы әрекеті тоқтатылғаны хабарланды. Тергеу барысында Қазақстаннан және басқа да ТМД мемлекеттерінен зардап шегушілердің бар екені анықталды. Салдарынан Бахрейнде ауыр қылмыс жасағаны үшін 9 адам сотталды (Бахрейннің 4 азаматы, Қазақстанның 4 азаматшасы, бір Индия азаматы).

Өзгелердің жаңалығы