Бағдат Мусин Ұлттық кеңес мүшелерімен кездесті

14 Қараша 2020, 17:45
1441
Бөлісу:
Бағдат Мусин Ұлттық кеңес мүшелерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерімен онлайн кездесуі өткізілді.

Кездесу барысында Бағдат Мусин министрлік жұмысының негізгі бағыттары жөнінде және алдағы уақытта іске асыратын жобалары бойынша ақпаратпен бөлісті. Атап айтқанда, министр мемлекеттік электрондық порталдарды жетілдіру, онлайн форматта мемлекеттік қызметтерді пайдалану үдерістерін оңайлату бойынша жүргізіліп жатқан және жоспарланған жұмыстар жөнінде айтып өтті. Оған қоса, халық тығыз орналасқан және шалғайда жатқан елді мекендерді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету, байланыс сапасы бойынша операторларға қатысты талаптарды жетілдіру, отандық IT-қызметінің экспортын ұлғайту, сонымен бірге, біріктірілген ақпараттық базаларды қолдануды дамыту және дербес деректерді қорғау бойынша сұрақтарға тоқталды.

Өз кезегінде Ұлттық кеңес мүшелері министрге ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың egov порталын және басқа мемлекеттік органдардың сайттарын пайдалану мүмкіндіктерін жақсарту, әртүрлі бағыттағы ақпарат базаларын біріктіру бойынша сұрақтар қойды. Сондай-ақ, Ұлттық кеңес мүшелері аэроғарыш өнеркәсібін дамыту, IT-мамандарды даярлауды жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын берді.

Өзгелердің жаңалығы