Съезд қарсаңында. Бағдарлама халыққа жоғары дәрежеде өмір сүруге жағдай жасауға арналған

22 Ақпан 2019, 18:08
3584
Бөлісу:
Съезд қарсаңында. Бағдарлама халыққа жоғары дәрежеде өмір сүруге жағдай жасауға арналған

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 27 ақпан күні Астанада «Нұр Отан» партиясының кезекті съезі өтеді. Осыған орай Алматы қалалық Маслихаты «Нұр Отан» фракциясының депутаты, Әлеуметтік мәселелер және көлік инфрақұрылымы жөніндегі комиссияның төрағасы Роза Бадаевамен партияның жаңа бағдарламасы, 2030 жылға дейінгі жоспар жөнінде сұқбаттасқан едік.

«Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толып, мерейлі межеге қадам басып отырмыз. Алғашқы сәттен-ақ партия құрамына 164 мың мүше болды. Бұл көрсеткішпен жаңадан құрылған ұйым Қазақстандағы ең ірі саяси партия болып тіркелді» - дейді әңгімені партияның құрылу тарихынан бастаған Роза Кеңесханқызы.

Съезд қарсаңында. Бағдарлама халыққа жоғары дәрежеде өмір сүруге жағдай жасауға арналған

Ол партия жұмысы өзінің күнделікті өмір сүру салтына айналғанын айтады.

«Бастауыш партия ұйымы – партияның іргетасы, ал біздің күнделікті жұмысымыз – «Нұр Отанның» табыстары мен жетістіктерінің негізі екенін біз жақсы түсінеміз. Сол себепті де біздің партия – Қазақстанның әр облысы, қаласы және ауданында өзінің филиалдары мен бастауыш ұйымдары бар еліміздегі жалғыз партия. Өткен 2018 жылы миллиондаған қазақстандықтың басын біріктіретін бастауыш партия ұйымдарының жұмысы алдыңғы орынға шығарылды. Сол себепті біз «Нұр Отан» партиясы» дегенде ортақ идеяға ұйысқан миллион қазақстандық деп түсінеміз» - дейді ол.

Роза Бадаева «Нұр Отанның» 2030 жылға дейінгі Бағдарламасы халыққа жоғары дәрежеде өмір сүруге жағдай жасауға арналғандығын айтады.

«Елбасымыз айтқандай, «Нұр Отанның» 2030 жылға дейінгі Бағдарламасы халыққа жоғары дәрежеде өмір сүруге жағдай жасауға арналған. 13 ақпанда «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының XXIII кезектен тыс конференциясы өткізілді, онда сайланған 120 делегат қатысты. Он бағыттан тұратын Бағдарлама жобасы қаламыздағы 80 мың партия мүшесі бар 730-дан аса бастауыш партия ұйымдарында, конференцияларда кеңінен талқыланып, 100-ден астам ұсыныс түсті. Оның ішінде» - дейді мәслихат депутаты.

Сонымен қатар ол ұсыныстардың біразына жеке-жеке тоқталды.

«Экономика бағыты бойынша және партияның антикоррупциялық стратегиясына сәйкес, «Нұр Отан» жемқорлыққа «нөлдік» көзқарасты қалыптастыруда қоғамды біріктіретін басты күш. Айқындық және ашықтық қағидаты негізінде Алматыда көлеңкелі экономиканы төмендету мақсатында қаладағы базарлардың жартысы жаңғыртылып, 24 жаңа сауда орталығы ашылды. Цифрландыру нәтижесінде электрондық коммерцияның жыл сайынғы өсімі 55%-ті құрайды. Еліміздегі барлық қолма-қол ақшасыз төлемдердің 64%-і Алматы қаласына тиесілі. Есептілік қағидаты негізінде мемлекеттік органдар, бюджеттік мекемелер басшылары бөлінген қаражаттың жұмсалуы туралы ақпаратты баспасөзде, сайттарда жариялап келеді. Тұрғындар электронды жүйе арқылы пәтер иелері кооперативтері қызметіне мониторинг жүргізе алады. Жүйелілік қағидаты негізінде жемқорлықың алдын-алу және халықпен қатынастың жаңа формасы ретінде, полиция қызметін сервистік үлгіде құру жаңғыртылуда. Биылғы жылы процессуалды прокурор және басқа қызметкерлер ақыл-кеңес беріп отыратын 12 фронт-офистің құрылысы басталды» - дейді ол.

Оның айтуына қарағанда, азаматтардың қолайлы өмір сүруі үшін жағдай жасау бағыты бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылған.

«Алматының тартымдылығын арттыру және туризмді дамыту аясында тарихи орталықтың 60%-і жаңғыртылды. Осы жылы «Адамдарға арналған қала» қағидаты бойынша барлық аудандардағы жаяу жолдар аумағын жаңғырту көзделіп отыр. 3 жылда 1500-дей аула жаңғыртылды, биыл 15 саябақ пен гүлзар абаттандырылады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесе отырып жеңіл рельсті көлік (ЛРТ) жобасы конкурсының бірінші кезеңі аяқталды. Конкурсқа «Alstom», «Marubeni» және «Itochu» сияқты әлемдік көшбасшы компаниялар қатысуда» - дейді Роза Бадаева.

Әңгіме барысында Роза Кеңесханқызы жастар мәселесіне қатысты бірқатар ұсыныстарды да айтты.

«Елбасы жастарға әрқашан көңіл бөліп келеді. Биылғы Жастар жылын жариялап, білім мен тәрбиені ұштастыра жүргізу туралы тапсырмасы да қоғамға үлкен қозғау салды. Соның ішінде, жастар бойындағы масылдық психологиядан арылту мәселесін партия «Жастар - Отанға!» жобасын негізінде өз бақылауына алып отыр. Осыған орай, жас ұрпақты білім мен еңбекке тәрбиелеу шараларын мектеп қабырғасынан бастау қажет деп санаймыз. Президент тапсырмасымен Алматыда 2017 жылдан бері «Жастарды қолдаудың жол картасы» іске асырылып келеді. «Алматы Жастары» қалалық бағдарламасы бойынша 238 жас отбасы пәтерге ие болды. Базарларда, теміржол вокзалдарында «мобильді жұмыспен қамту орталықтарының» жұмысы ұйымдастырылды. Екі жылда 19 мыңдай жас азамат жұмыспен қамтылды. Нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық алғаш рет 7,4%-тен 6,4%-ке азайды. Жақында, қалалық партия конференциясында партияның 20 жылдығына орай, дарынды жастарға, оның ішінде көп балалы отбасынан шыққан өрендерге отандық университеттерде тегін білім алу үшін 20 грант берілді. Бүгінде заңгер, экономист сияқты дипломмен жұмыс таба алмай жүрген жастар жоқ емес. Сондықтан, Бағдарламада кәсіптік білімге баулу шараларын мектептегі кезеңнен бастап жүргізуді ұсынамыз. Осы аталған ұсыныстардың барлығы қаладағы әлеуметтік, экономикалық саладағы тәжірибелерді негізге ала отырып жасалды» - дейді ол.

Роза Кеңесханқызы басты мақсат партия алдындағы, партияның халық алдындағы уәдесін орындау екенін айтты.

«Біздің басты мақсатымыз – партияның «Бірлік. Тұрақтылық, Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасындағы уәделерімізді орындау және «Қазақстан – 2050» Стратегиясы мен онжылдық кезеңге арналған партия Бағдарламасында белгіленгендей, 30 дамыған елдердің қатарына ену бағытында жұмыстарды сапалы жүргізу. Партия Жарғысының 9.6 тармағына және Орталық аппарат квотасына сәйкес, XVIII Партия Съезінде Алматы қалалық филиалынан 90 делегат, оның ішінде Орталық тізім бойынша – 23 адам ұсынылды» - деп аяқтады әңгімесін.

Ержан Жаубай

Өзгелердің жаңалығы