Бағасы әлі белгісіз: Алматы әкімдігі LRT құрылысына қатысты жаңа деректерді айтты

Қала билігінің мәліметінше, вагондарды сатып алу жеке жоба ретінде жүзеге асырылады.

Бүгiн 2026, 16:31
АВТОР
 ©️ ЖИ: BAQ.KZ Бүгiн 2026, 16:31
Бүгiн 2026, 16:31
183
Фото: ©️ ЖИ: BAQ.KZ

Алматы әкімдігі жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасына қатысты жаңа мәлімет берді. Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі техникалық-экономикалық негіздемеде вагондарды сатып алу шығындары қарастырылмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әкімдік мәліметінше, техникалық-экономикалық негіздеме аясында LRT инфрақұрылымын салуға қажетті шығындар ғана енгізілген. Оған эстакадалар, станциялар, инженерлік желілер және басқа да ілеспе нысандардың құрылысы кіреді.

Техникалық-экономикалық негіздеме аясында LRT инфрақұрылымы объектілерін, оның ішінде эстакадаларды, станцияларды, инженерлік желілерді және өзге де ілеспе құрылыстарды салуға арналған шығындар көзделген. Ал құрылыс-монтаж жұмыстары құрамында вагондарды сатып алу шығындары қарастырылмаған, – деп хабарлады әкімдік редакция тілшісіне. 

Қала билігінің мәліметінше, вагондарды сатып алу жеке жоба ретінде жүзеге асырылады.

Жылжымалы құрамды жеткізу, іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізу, сынақтан өткізу және пайдалануға беру шараларын қамтитын бөлек жоба аясында вагондарды сатып алу жоспарланып отыр. Бұл жоба бойынша тиісті құжаттама әзірленіп, кейін белгіленген тәртіппен мемлекеттік сараптамадан өтеді, – делінген жауапта.

Әзірге LRT вагондарын жеткізетін компания анықталмаған. Қазіргі уақытта мамандар жылжымалы құрамның техникалық сипаттамаларын пысықтап жатыр.

Әкімдіктің мәліметінше, бір вагонға шамамен 285 жолаушыны сияды. Бұл көрсеткішке отыратын және тұратын жолаушылардың барлығы кіреді. Ал пойыздардың орташа қозғалыс жылдамдығы сағатына 35 шақырым болады деп жоспарланған.

Сонымен қатар жоба құны әзірге нақты белгіленбеген.

Жобаның нақты құны мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін анықталады, – деп мәлімдеді әкімдік.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Момышұлы көшесінде LRT құрылысына байланысты қозғалысқа уақытша шектеу енгізілген болатын.

Оқи отырыңыз: 

Алматыда BRT орнына LRT салына ма? Сарапшы күтпеген өзгерісті айтты

Алматыда LRT мен SkyTrain салынады: Жоба туралы не белгілі?

Наверх