Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Кездесуге ірі сауда желілері мен базар өкілдері қатысты.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстауды тапсырды.
Бағаны тұрақтандыру бойынша 2 бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз: тұрақтандыру қоры құрылды, сауда желілерін жеңілдікпен несиелендіру бойынша жұмыстар жүргізілді. "Айналым схемасы" жобасына "Magnum", "Астықжан", "Кенмарт", "Small", "Шапағат", "Евразия", "Артем", "Биг Шанхай" сияқты сауда орындары қатысады, сондай-ақ ет пен жарма бойынша жеткізушілер анықталды. Көтерме сауда, делдалдар, кәсіпкерлер және т.б. тарапынан "азық-түлік себетіне" жататын тауарлармен алыпсатарлық болмауы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бағаны тұрақтандыру мәселесі мемлекет басшылығының бақылауында, - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмурзаев дүрлігуге себеп жоқ екенін, азық - түлік жеткілікті мөлшерде барын атап өтті.
Сондай-ақ, елорда әкімдігі әлеуметтік нан бағасын ұстап тұру мәселесін қарастырды. Атап айтқанда, тұрақтандыру қорының ұн қоры толықтырылып, қаланың наубайханаларына қолдау көрсетіліп жатыр. Ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткізу бағаны ұстап тұруға және өнімді нарықтық бағадан төмен сатуға мүмкіндік береді. Ауылшаруашылық жәрмеңкелерінің маусымы "Аспан базар" сауда үйінде басталды, жәрмеңке әр сенбі мен жексенбі күндері сәуір айына дейін өтеді.