"Баға қайда кетіп барасың?". Депутат халықтың әл-ауқатына алаңдады

Бөлісу:
"Баға қайда кетіп барасың?". Депутат халықтың әл-ауқатына алаңдады
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров халықтың әл-ауқаты көтерілмей отырғанын айтып, Үкіметке өз ұсыныстарын жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында депутат Үкіметтің жасап жатқан шараларына қарамастан, халқымыздың әл-ауқаты артпай отырғанына назар аударды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, жан басына шаққандағы кіріс 112 мың теңге, оның 98 мың теңгесі тек қана азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызметті төлеуге кетеді.

Бюроның деректері бойынша, күріштің бағасы 31,3 пайызға, жұмыртқа 16,9 пайызға, сары май мен сүт өнімдерінің бағасы 12 пайызға өскен. Ал коммуналдық қызметтер орташа алғанда 25 пайызға қымбаттаған. Бұл жағдай азаматтардың шығынын арттырып, кірістерін төмендетіп жібергендігі анық. "Баға қайда кетіп барасың?" деп жыламсырайтын жағдайға да жеттік, - дейді Ерлан Сайыров.

Депутат осыған қарамастан елімізде ең төменгі төлем екі жылдан бері 85 мың теңгеден көтерілмей тұрғанын айтты.

Депутат мәселені шешу үшін мына шараларды ұсынды:

  • Ең төменгі төлемді индексация жасау;
  • Жұмыссыздықтан сақтандыру сомасын арттыру арқылы ең төмен жалақы алатын адамдардың сақтандыру жүйесін жетілдіру;
  • Өңірлік әкімдіктер жергілікті тұрғындарға азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды қолға алуы тиіс;
  • Әкімдер өңірлік ауыл шаруашылық өнімдерін жергілікті нарыққа қажетті мөлшерде жеткізілуін қамтамасыз етуі қажет;
  • Ауыл шаруашылық өнімдеріне берілетін мемлекеттік төлемдерді уақытылы әрі қажетті сомада толық төленуін қамтамасыз ету қажет.
Өзгелердің жаңалығы