«БАД» ішіп жүрсіз бе?

25 Маусым 2023, 10:40
10970
Бөлісу:
«БАД» ішіп жүрсіз бе?
Фото: автордан

Ақтөбелік дәрігерлер желілік маркетинг арқылы танымал тағамдық биологиялық белсенді қоспаларды сатып алмау керектігін айтады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазір ел аузында «БАД» аталып кеткен тағамдық биологиялық белсенді қоспаларды тұтыну сәнге айналды. Себебі қазір екінің бірі «БАД» ішеді.

Бейресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары елімізде 900-ден астам биологиялық белсенді қоспаның сауда атауы тіркеуден өткен. Олардың арасында сапалысы да, сапасызы да, арзаны да, қымбаты да бар. Ал интернетті ашып қалсаңыз, мұндай өнімді жарнамалайтындардан, тіпті, көз сүрінеді.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің фармакология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Жансұлу Нұрғалиева қазір интернет арқылы «танымал» «БАД»-тарды тұтыну өте қауіпті екенін айтады. Себебі бұл өнімдерді ешкім тексермейді, олардың заңды түрде лизенциясы да жоқ.

Жалпы медицина саласында биологиялық белсенді қоспалардың пайдасы туралы нақты дәлелденген деректер жоқ. Бұл — ғылыми жағынан зерттелмеген сала. Тарихқа сүйенсек, «БАД» терминін 20-ғасырдың бірінші жартысында америкалық химик Карл Ренборг енгізген. Ол жоңышқа мен су бұрышы, сондай-ақ ақжелкеннен алғаш рет биологиялық белсенді препарат жасаған. Ол түрмеде жатқан кезде аштықтан өлмеу үшін осындай тәжірибе жасап, соның нәтижесінде әлемге осы «өнертабысын» көрсеткен. Кейін осы ғалымның бастамасымен биологиялық қоспаларды шығаратын, жарнамалайтын дистрибьюторлық желі құрылған. Осылайша әлем бойынша ең алғаш рет АҚШ-та желілік маркетинг пайда болып, Карл Ренборгтың «ізбасарлары» «БАД»-тардың түр-түрін ойлап тауып, таратты, — дейді Ж.Нұрғалиева.

Медицина ғылымдарының кандидаты «БАД»-тарды тек дәрігерлердің тағайындауымен, сондай-ақ олардың кеңес беруімен ғана қолдану керектігін айтады. Әйтпесе, «анау жақсы екен», «мынау пайдалы екен» деп, емін-еркін қоспаларды тұтына беруге болмайды.

Қазір кез келген елде желілік маркетинг дамып тұр. Әсіресе, осы биологиялық қоспаларды жарнамалап, сататындар көп. Біздің елімізде де қазір бұл сәнге айналғандай. Кез келген желілік компания өкілімен тілдесеңіз, ол міндетті түрде өз «БАД»-тарын ұсынады. Оның пайдасын, құндылығын айтып, мақтайды. Сондықтан тұтынушыларға айтарым, кез келген өнімді сатып аларда оның сыртындағы нұсқаулығына, сақтау мерзіміне, өндірілген жеріне қарау керек.

Жалпы, біздің елімізде Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тіркемеген, арнайы сертификатталмаған өнімдерді қолданбау қажет. Егер дәрігер ұсынса ғана сол дәріні немесе биологиялық белсенді қоспаны ішуге болады, — дейді ол.

Біз «БАД»-тар туралы зерттей келе, ақтөбеліктер арасында сауалнама жүргіздік. 18 адамға «БАД» ішіп жүрсіз бе?» деген сауал қойдық. Олардың 12-сі «иә» деп жауап берсе, алтауы «жоқ» деп жауап қатты. Енді ойлана беріңіз. Демек, қазір қоғамда аталған қоспаларды қолданатындар көп.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Әйгерім Асылмұратова үш жылдан бері бір желілік компаниядан (кейіпкеріміз компания атын жарияламауды өтінді — авт.) «БАД»-тар алып, қолданады екен. Бағасы 18 мың теңгеден басталады, бір құтысын сатып алсаңыз, 25-30 күнге жетеді. Тек қызығы, әлгі қоспалардың бірнешеуін алсаңыз, сіздің атыңызға бонус қосылады екен.

 Осы қоспаларды ішкен соң, күні бойы сергек боп жүремін, шаршамаймын, ұйқым да тыныш. Үйдегілерге де сатып алып беремін. Қан қысымын жоғарылатпайды, бас ауруын қойдырады екен. Қазір тамақтың нәрі жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бұл қоспалардың адам ағзасына пайдасы көп. Бұлар Жапонияда шығарылады, — дейді Әйгерім.

Ал ақтөбелік Қалампыр Жаңбырбаева бірнеше жылдан бері биологиялық белсенді қоспаны сатумен айналысатын жапондық компанияның Ақтөбе қаласындағы кеңсесінде жұмыс істейді. Ол осы компаниядан «БАД» сатқаны үшін еңбекақы алады. Қосымша табысы тағы бар.

Жапонияда өндірілетін «БАД»-тардың сапасы жоғары. Мәселен, біздегі өнімдердің бағасы соған сай, атап айтсақ, 20-180 мың теңге тұрады. Олар көбіне таблетка, капсула ұнтақ немесе сұйықтық түрінде ұсынылады. Олар жалпы жүзге жуық ауруға ем, — дейді ол.

Дәрігерлер қазіргідей күрделі экологиялық ахуалда адамдарға тағамдармен қатар қосымша дәрумендер мен минералдар қабылдау керек екенін айтады. Алайда оларды арнайы дәріханалардан алу керек. Ал желілік компаниялар арқылы сатылатын қоспалардың пайдасы мен зияны ғылыми жағынан тексеріліп, дәлелденбеген. Оларға Қазақстанда бақылау жүргізіп жатқан адам жоқ.

Зерттеп білгеніміздей, шынында да, Ақтөбе облысында дәрілік заттардың құрамы мен пайдасын бақылайтын, зерттейтін ешқандай мекеме жоқ. Ал Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мұндай өнімдердің бағасы мен сапасына жауап бермейді. Олардың құзіретіне медициналық қызмет көрсету, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларында мемлекеттік саясатты, мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру ғана жатады.

Сондықтан тұрғындарға айтарым, биологиялық белсенді қоспаларды тек дәріханалардан сатып алып ішіңіздер. Онда да нұсқаулығымен танысып, қандай пайдасы, қандай жанама әсері бар екенін, біліп, тұтыныңыз. Қазір адамдарда аллергиялық аурулар көп, сол үшін дәрі-дәрмекті өте сақтықпен қолдану керек. Жалпы, маман ретінде өзім мұндай қоспаларды тұтынбаймын. Ең пайдалы тағам — ол өз қолыңызбен пісірілген ас. Егер сіз күнделікті өмірде ет, сүт, балық өнімдерін жиі пайдалансаңыз, ұйқыңыз тыныш, көңіл-күйіңіз көтеріңкі болса, адам ағзасына одан басқа ештеңе керек емес, — дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің фармакология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Жансұлу Нұрғалиева.

Айта кету керек, қазір елімізде дәріхана көп, ал оларда мыңдаған дәрі-дәрмектің түрі бар. Олардың қатарында биологиялық белсенді қоспалар да бар. Сол себепті дәрігерлер дәріханалардан «БАД»-тар сатып аларда олардың құрамымен қатар өндірушілерін де егжей-тегжейлі зерттеу қажет екенін айтады. Себебі бүгінде нарықта мыңдаған қоспа бар, ал олардың ішінен сапалысын таңдау өте қиын. Және де бұл қоспалар адамдарды аурулардан айықтыруға не емдеуге көмектеспейді.

Өзгелердің жаңалығы