Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәдениет және спорт министрлігінің Геральдикалық зерттеулер орталығы Қарқаралы ауданында «Елдіктің нышаны – ерліктің белгісі» атты мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған пресс-тур ұйымдастырды.
Экскурсия Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы әкімдігінің қолдауымен Геральдикалық зерттеулер орталығы мен «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қорының ұйытқы болуымен өтті.
Жақында тағайындалған аудан әкімі Құсайынов Ерлан Бейсембайұлы қабылдап, пресс-турға қатысушыларға алғысын білдіріп, Жандарбек Мәлібеков ағамыздың иығына шапан жапты.
Сөз кезегінде Елтаңба авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібеков жиналған зиялы қауым өкілдеріне алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Мен жасаған елтаңбада сіздер мен біздердің қолтаңбаларымыз жатыр. Сондықтан оны қадірлеп, қастерлеу бәрімізге ортақ, - деді Елтаңба авторы.
Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлы «Елдіктің нышаны – ерліктің белгісі» атты экскурсияны екінші болып осы Қарқаралы өңірінде жалғасып жатқанын айтты.
Біздің мақсатымыз еліміздің өңірлерінде көнеден келе жатқан балбал тастарды мемлекет қорғауына енгізу, оларды зерттеу, еліміздің әр тасының астында бір тарих пен бір сырдың барын анықтап, халлыққа жеткізу. Біздің бабаларымыздың заманында да өркениеттің болғанын осындай жәдігерлерден анықтауға болады. Бабадан қалған мұра, ұрпаққа аманат, – деді Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлы.
Турдың мақсаты Қарқаралы жеріндегі балбал тастардың тарихи құндылығын зерттеп көпшілікке насихаттау, қазақ геральдикасының арғы-бергі тарихын білу, ондағы жаңадан табылған "Мұртты қорым" тарихи орындары мен бұрынғы дәурідегі адамдарды жерлеген ескі қорымдар жайында баяндау болып табылады.
Пресс-турға қатысушылар Құнанбай қажы мешітінде болып, дұға бағыштатып, өлкетау мұражайындағы құнды жәдігерлерден тың деректер алды.
Әкімнің орынбасары, өлкетанушы Сайлау Әбиұлы ауданды аралатып, Қарқаралы жеріндегі тарихи ескерткіштер жайлы баяндап берді.
Екі ғасырдың куәсі болған яғни, 1845-жылы салынған Құнанбай қажы мешітінің көрмегені жоқ. Совет үкіметінің тұсында мектеп те, дүкенде, қойма да болды. Ел есін жинап, еркіндігін алған 90-жылдары ауыл халқының күшімен қайта мешіт ретінде жаңартылды, - дейді өлкетанушы Сайлау Әбиұлы.
Өте құнды заттар сақталған мұражайда ерте темір дәуірінде адамдардың пайдаланған заттары, кейінгі кезеңдердегі батырларымыздың сауыттары, қылыштары, балбал тастар мен теңгелер, тиындар, тіпті патшалық замандағы қазынашылық бөлімінің ақша сақтаған зіл темірден жасалған сейфі мен Қоянды жәрмеңкесіне ақша тасыған сегіз құлақты сандықтыңда сырын ақтарды.
Келесі кезекте жақында ғана аудан іргесінен 10 шақырым жерден табылған балбал тастар мен ерте дәуірге тән деп болжанған қорымдарды араладық.
Мына жерді өткенде ғана тауып алып, оның мұрытты қорым екенін білдім. Жәнеде ғалымдармен сөйлесу барысында бұл үш дәуірге тән яғни, ерте темір, орта ғасыр, қола дәуірінен қалған құнды жәдігерлер дегені бар еді. Осы қорымдарға қазба жұмыстарын жүргізу қажет,- деді Қарқаралы ауданы әкімнің орынбасары, өлкетанушы Сайлау Әбиұлы.