"Бақытты отбасы" мұқтаж адамдарға дер кезінде көмек берудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті

26 Ақпан 2020, 21:49
2273
Бөлісу:
"Бақытты отбасы" мұқтаж адамдарға дер кезінде көмек берудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті

Алматы, BAQ.KZ. 2019 жылдың төрт айлық жұмыс барысында "Бақытты отбасы" орталығына 1246 адам тіркелді және 11789 қызмет көрсетілді. 

"Атамекен" ҚР ҰКП бағдарламасы бойынша 78 адам оқып, бизнес жоспарларын қорғап, қайтарымсыз грантқа ие болды. Бұл туралы әлеуметтік орталықтың жетекшісі Сана Жандай Алматыда өткен баспасөз мәжілісі кезінде айтты.

Жиын барысында ол, Алматы қаласы Наурызбай ауданының көп балалы және аз қамтылған отбасыларына арналған "Бақытты отбасы" әлеуметтік орталық" жобасының 2019 жылы атқарған істеріне және биылғы бағдарламаларымен таныстырды.

Өткен жылы еліміздегі көп балалы және аз қамтылған отбасылардың өмірлік қиындықтары мен мәселелері мемлекет пен қоғам тарапынан белсенді әлеуметтік қолдау тапты. Наурызбай ауданының "Бақытты отбасы" әлеуметтік орталығының жұмысы осы міндеттерді жүзеге асырудың тиімді және нәтижелі нысанының біріне айналды, - деді ол.

Сондай-ақ ол, 2020 жылы орталықтың жаңа нысандағы жұмысы туралы айтты.

Бұл ортлықтағы басты бағыт қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларды анықтау, оларға уақытылы көмек қолын созу, әйелдер кәсіпкерлігін белсенді дамыту, оқуға ынталандыру, балаларға арналған шығармашылық және спорт курстарының жұмысын дамыту. Одан бөлек табысты кәсіпкерлер арқылы жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлердің "Қазақстан волонтерлар лигасымен" ынтымақтастықта жұмыс істеу, - дейді С. Жандай.

"Бақытты отбасы" әлеуметтік орталығының үйлестірішусі Нағигүл Бейсембина жұмыс барысында көп балалы және аз қамтылған отбасылардың әр мүшесі тап болатын нақты өмірлік қиындықтармен танысқандарын  айтады.

Мұндай отбасыларлардың көптеген мәселесі жалпы психологиялық, заңдық және әлеуметтік сауатсыздықтарынан туындайды, сондықтан 2019 жылы "Бақытты отбасы" орталығының жұмысы мұқтаж адамдарға дер кезінде көмек берудің қаншалықты маңызды екенін және адамның өмірін өзгертуге болатынын көрсетті, - дейді ол.

Сонымен қатар, аталған аудандағы "Мерейлі аналар" қайырымдылық қоры мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған, аз қамтылған, асыраушыдан айырылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсеткен.  

"Мерейлі аналар"  қоры "Гранд Парк", "Атакент" және "Спутник" сауда орталықтарында жаңа жылдық іс-шаралар ұймдастырды, мүгедек балаларға арналған күндізгі орталықта шаштараз мамандарының қызмет көрсетуін ұйымдастырды. Сондай-ақ, "Фирдаус" қорының және аудан әкімдігінің қолдауымен, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмір мен азық-түлік себеттері таратылды. Қордың ұжымында белсенді, жауапкершіліктері мол біздің ауданның аналары жұмыс істейді, - дейді  қор төрағасы  Халида Махмудова.
 
Өзгелердің жаңалығы