Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы аймақ басшысы Серікбай Трұмов тұрғындармен есептік кездесуінде мәлімдеді.
"Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында өткен жылы 231 пәтер берілді. Нақты айтар болсақ, 11 көпбалалы отбасы, 84 толық емес жанұя, мүгедек бала тәрбиелеп отырған 36 отбасы қоныс тойын тойлады. Сондай-ақ, 21 аз қамтылған жанұя тұрғын үй сертификатын алды. Биылғы жылы осы бағыт бойынша үш жүз сертификат беруді жоспарлап отырмыз, - деді С.Трұмов.
Халықпен кездесуінде әкім Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған кешенді жоспар аясында Ақтау қаласына 338 отбасы қоныс аударғанын айтты. Осы жылы тағы 210 жанұя облыс орталығына қоныс аударуы
тиіс.
Жалпы өңір аумағында былтыр жалпы көлемі 1175,4 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның 14 мың шаршы метрден астамы жалға берілетін баспаналар.
Сонымен қатар, "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жалпы ауданы 13 мың 623 шаршы метрді құрайтын 348 пәтерлік сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысы және сатып алу жұмыстары аяқталған.
Биыл Ақтау қаласы мен Түпқараған, Қарақия және Мұнайлы аудандарында жалпы алаңы 23 мың 454 шаршы метр болатын 432 пәтер құрылысын аяқтау және сатып алу күн тәртібіне қойылған.
Бұдан басқа Ақтау қаласында көлемі 63 490 шаршы метрлік 850 пәтерлі кредиттік тұрғын үй құрылысы аяқталуы тиіс.
Қазір уақытта облыс орталығында алты мыңнан астам пәтерлік коммерциялық тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Бұл пәтерлердің басым бөлігі мемлекеттік "7-20-25" бағдарламасы сатылымға шығарылады.