Бақауов Павлодарда суару техникасын құрастыру зауытын салуды ұсынды

6 Тамыз 2019, 17:42
1568
Бөлісу:
Бақауов Павлодарда суару техникасын құрастыру зауытын салуды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімі «Павлодар» арнайы экономикалық аймақта инвесторлармен кездесті. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды. 

Кездесу барысында John Deere ауыл шаруашылығы техникасының Қазақстандағы дистрибьютері Eurasia Group Kazakhstan ЖШС бас директоры Сергей Глокке қызмет көрсету орталығының құрысына қажетті жер учаскесін сұрады.

"Бізге 1,5-2,5 мың шаршы метр жер телімі қажет. Келесі жылға дейін қызмет орталығын салып бітірсек дейміз. John Deere компаниясы жер телімінің орналасқан орнын, басқа да мән-жайларды ескеретін болады", - дейді Сергей Глокке.

Өңір басшысы Болат Бақауов Омбы тас жолы бойында немесе басқа да жер телімдерін бөлу мәселесінің жіті қарастырылатынын айта кетіп, шетелдік ауыл шаруашылығы техникасының дистрибьютеріне өз ұсынысын білдірді.

"Біз қазіргі кезде арнайы экономикалық аймақта металды мырыштау зауытын салудамыз. Бұл зор мүмкіндіктер ашады. Техниканың Еуропадан тасымалдануына алты ай кететіні және басқа да қиындықтар бар болғанын ескере отыра, Павлодарда Bauer суару техникасын құрастыру зауытын салуды ұсынамын. Осы мәселені бірлесе отырып қарастырайық", - деді Болат Бақауов.

Болат Бақауов атап өткендей, облысымызда суармалы егіншіліктің қарыштап дамып келе жатқанын ескерсек, өңірімізде Bauer секілді сапалы суару техникасына деген қажеттілік арта түседі. Сергей Глокке өңір басшысының ұсынысын қабыл алып, оны компания басшылығымен жан-жақты қарастыратынын айтты.

Айта кетейік, қазіргі кезде Павлодар облысында 86,6 мың гектар суармалы алқап пайдалануға берілді. Облыс басшысы жария еткен кешенді жоспарға сәйкес, 2022 жылға дейін суармалы алқаптар 144 мыңға гектарға жетеді.


Өзгелердің жаңалығы