Бәсекеге қабілеттілік мәселелері қорымыздың басым бағыттарының бірі – Исекешев

17 Қыркүйек 2019, 10:58
2256
Бөлісу:
Бәсекеге қабілеттілік мәселелері қорымыздың басым бағыттарының бірі – Исекешев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда бәсекеге қабілеттілік жөніндегі жаһандық кеңестер федерациясы бас қосуда. Бұл туралы ҚР Тұңғыш президенті - Елбасы қорының баспасөз қызметінен хабарлады. 

Бұл жолы Нұр-Сұлтан қаласындағы жаһандық инновациялық саммитке 16 елден 200-ден астам қатысушы, соның ішінде 50 халықаралық сарапшы жиналып отыр. Бұл осымен оныншы рет әрі Орталық Азиядағы тұңғыш өткізіліп отырған кездесу.

Жыл сайын жетекші экономистер, қаржыгерлер, мемлекеттік саясат, инженерлік және нақты ғылымдар өкілдері өзекті мәселелерді талқылайды. Мәселен, бір жыл бұрын Малайзияда басты назар технологияда болса, осы жылы сарапшылар бәсекеге қабілеттілік мәселелерін таңдады.       

Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті - Елбасы қорының атқарушы директоры Елбасы Әсет Исекешев Саммиттің тақырыбының өзектілігі туралы айта отырып, соңғы онжылдықта өмірдің түрлі салаларындағы маңызды өзгерістерді де атап өтті. 

Оның айтуынша, жаңа технологиялар кеңінен енгізіліп жатқанымен, жұмыс орындарының қысқаруы да бар; экономикалық бағыттар өзгеруде, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық кеңеюде, сауда мен әскери қақтығыстар жалғасуда.

Бірқатар дамыған елдерде осы сын-қатерлерге жауап ретінде бизнес, университеттер мен ғалымдар ынтымақтаса отырып бәсекеге қабілеттілік кеңестері жұмыс істейді. Осындай тұрақсыздық жағдайында бұл кеңестердің рөлі маңызды - олар халықтың экономикалық дамуы мен өркендеуін қамтамасыз етеді.

«ҚР Тұңғыш президенті қорының мақсаты - елдің тұрақты өрлеуіне және бәсекеге қабілетті ұлттың дамуына ықпал ету. Сондықтан, біз, Елбасының тапсырмасымен бірнеше жобаларды іске асырып жатырмыз. Олардың бірі - елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, тұрақты инклюзивті өсудің әлеуметтік-экономикалық моделі бойынша мемлекетке ұсыныстар әзірлеу жөніндегі ғылыми жоба. Осылайша, біз қор ретінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәселелерімен айналысамыз», - деді ҚР Тұңғыш президенті - Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев.

Саммитке қатысушылар мемлекетте жүргізіліп жатқан реформалар туралы оң пікірлерін білдірді. Сонымен бірге, әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық жағдайды ескере отырып, олар бұрын қабылданған бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру қажеттігін жеткізді. Ол Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамы, жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде 30 дамыған елдердің қатарына кіру шаралары.

Осыған орай, Әсет Исекешев шетелдік сарапшыларға Қазақстан тәуелсіздік жылдарында қандай қиындықтар мен кедергілерге тап болғанын еске салды. Оның айтуынша, егемендік алған алғашқы кезеңде мемлекетімізде гиперинфляциямен қатар бюджеттің өткір тапшылығы болған, жұмыссыздар саны 2 миллионға жетіп, 130 қазақстандық кәсіпорын жұмысын тоқтатты және ЖІӨ 61%-ға төмендеді. 

«Дегенмен, Елбасы бастаған реформалардың арқасында біз маңызды нәтижелерге қол жеткіздік. ЖІӨ 11 млрд доллардан 170 млрд долларға дейін өсті (барлық Орталық Азия елдерінің жиынтық көрсеткіші 60 млрд-қа аз). Елге 300 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Елдегі өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті. Қазақстан посткеңестік кеңістікте алғашқы болып адами капиталды дамыту мен тарту бойынша «Болашақ» сияқты алғашқы бағдарламаларды жүзеге асырды, оның аясында 10 000-нан астам маман оқытылды », - деп түйіндеді Әсет Исекешев.

Өзгелердің жаңалығы