БҚО-да коронавирус жұқтырғандардың біреуі Саратовтан, екіншісі Атыраудан келген

29 Наурыз 2020, 19:37
1627
Бөлісу:
БҚО-да коронавирус жұқтырғандардың біреуі Саратовтан, екіншісі Атыраудан келген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған әйелдің біреуі Саратовтан, екіншісі Атыраудан келген.

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов шұғыл өткізілген брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, екеуі де – БҚО тұрғындары, олар жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

Қазіргі кезде ауырған адамдармен байланыста болғандар анықталу үстінде.

Күні бүгін карантиндік және провизорлық стационарда барлығы 65 адам жатыр, бәрінің жағдайы қанағаттанарлық.

БҚО-ның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың сөзіне қарағанда, Ресейден келген әйел 24 наурыз күні шекарадан өткен. Содан кейін үйінде оқшауланған. Төрт-бес күннен соң аурудың алғашқы белгілері байқалғаннан кейін провизорлық госпитальға жатқызылды.

Жалпы, екеуінің де жағдайы жақсы. Аурудың осы екі ошағы бойынша карантиндік жұмыстар жүргізілуде.

БҚО әкімі Ғали Есқалиев те Фейсбуктегі өзінің парақшасында коронавирус жұқтырған екі адамның тіркелгенін хабарлап, аурудың бастапқы белгілері пайда болған кезде жедел жәрдем шақырылып, олардың оқшаулау орындарына жеткізілгенін мәлімдеді.

Өңір басшысы эпидемиологиялық және экономикалық жағдай бойынша сауалдар туындаса, WhatsApp +7 700 0 109 109 нөміріне жолдауға болатынын жеткізді.


Өзгелердің жаңалығы