Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысында полицейлер мен орман шаруашылығы инспекторларын браконьерлер соққыға жыққан. Орын алған оқиғаны облыстық полиция департаменті растады, деп хабарлайды Аstanatv.kz.
Қазір қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталған. Келеңсіздік тамыздың 21-інде Ақжайық ауданындағы Шабдаржап ауылында болған. Сақшылар Жайық өзенінде заңсыз балық аулаған 20 ауыл тұрғынын ұстаған. Олардан ауланған балықтарды, 6 ау мен 4 қайықты тәркілепті. Бірақ олжасын бергісі келмеген браконьерлер қарсылық көрсеткен. Тіпті ауылдан қосымша адамдар жинап, жанжал шағарған.Төбелес кезінде екі сақшы мен аумақтық инспекцияның үш қызметкері жараланды. Қақтығысты басуға ауылға арнайы жасақ келген. Қазір тәртіп сақшыларын соққыға жыққандардың біреуі қамауда. Ол осыған дейін адам тонағаны үшін істі болғаны анықталыпты. Егер кінәсі дәлелденсе, үш жылға сотталуы мүмкін.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 335-бабының 1-бөліміне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Билік өкiлiне жаңағыдай күш қолданғаны үшін 380-баптың 3-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Заттай дәлелдемелер толық алынды. Қазіргі уақытта тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта ұсталған адамдардың басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде, - деді БҚО ПД бастығының баспасөз хатшысы Болатбек Белгібеков.