Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет мүшелеріне жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
"Соңғы он жылда жаңартылатын энергия көздерінің әлемдік қуаты 4 есе, яғни 414 кВт-тан 1650 кВт-қа ұлғайды. Осы кезеңде жаһандық инновациялар 2,6 трлн АҚШ долларына жететін болды. Жыл соңына қарай қуаты 1042 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 80 нысаны жұмыс істейді. Инвестициялар көлемі 406 млрд теңгені құрады. Біз әлемдік қауымдастықпен бірге қадам басуымыз керек. Жаңартылатын энергия көздері инвестиция тартымдылығы жоғары салалардың бірі. Біз белгілеген қуат шамамен 3000 МВт болатын жаңартылатын энергия көздері жобаларын сату үшін халықаралық аукциондық сауда-саттық өткіздік. Оған әлемнің 12 елінен 138 компания қатысты", - деді Мамин.
Премьер-министр Энергетика, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері мен KEGOC компаниясы назар аударуы тиіс бірқатар мәселелерді атады.
"Қазіргі таңда жел және күн энергетикасы бағалары төмендеп жатыр. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту мен ынталандыру, олардың тиімді қолдануын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттен қолдау шараларын әзірлеуді тапсырамын. Жалпы жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру кезінде инвестициялар тартымдылығын арттыру үшін Энергетика министрлігіне халықаралық тәжірибені ескере отырып қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуді тапсырамын. Екінші, өңірлер арасында жаңартылатын энергия көздері саны бойынша Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары алдыңғы қатарда болса, БҚО, Ақтөбе облыстарында бірде-бір жаңартылатын энергия объектісі жоқ. Әкімдіктер жаңартылатын энергия көздері жобалары бойынша инвесторлармен белсенді жұмыс жүргізіп, өңірлердегі экология жағдайын жақсарту мақсатында көбірек қолдану керек", - деді үкімет басшысы.
Мамин Экология министрлігіне Париж келсіміне сәйкес міндеттемелерді орындауды және қоршаған ортаға шығарылымдарды азайту бойынша мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Оқи отырыңыз: