Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Отбасы күні 13 қыркүйекте мерекеленеді.
Біздің қоғамда отбасы әрқашанда рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болды және солай болып қала бермек. Отбасы күні біздің қоғамымызда руханилықты, өнегелілікті нығайтуға, ерлі-зайыптылар жауапкершілігінің маңыздылығын сөзсіз мойындауға ықпал етеді, - деген еді Елбасы Отбасы күніне арналған алғашқы құттықтауында.Отбасы-адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмаса да отбасының адамзат ұрпағына ықпал мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсені еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды.
Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, үлкен ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңірту, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті.
Айта кетейік, 2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» заңға өзгертулер енгізу жөніндегі Жарлығына сәйкес, қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні болып бекітілген болатын. Осы уақыттан бері елімізді Отбасы күні дәстүрлі түрде мерекеленіп келеді.