Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл сайын елімізде маусым айының үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлері күні атап өтіледі.
Медицина қызметкерлері күніне орай бүгін "Қазақстан" телерадиокорпорациясы таңғы 09:00-ден бастап тікелей эфирде "Абзал жандар" телемарафонын өткізеді.
Медицина саласының мэтрлері студияда және Skype-байланыс арқылы кардиохирургия, нейрохирургия, трансплантация бағыттарындағы соңғы жаңалықтарды баяндайды. Көрермен төтенше жағдай кезеңінде салынған ауруханалар мен ондағы науқастардың хал-ахуалын біле алады.
Сонымен қатар, министр Елжан Біртанов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған еді.
Құрметті әріптестер! Баршаңызды кәсіби мерекеміз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! COVID-19 пандемиясы кезінде жұқпалы аурулар ауруханасында, провизорлық стационар, жедел медициналық жәрдем станциялары мен жалпы, барлық денсаулық сақтау ұйымдарында медицина қызметкерлері патриоттық сезіммен, жоғары жауапкершілікпен, кәсіби біліктілігін көрсетіп, еңбек етуде. Қазір сіздер аянбай әр пациенттің өмірін сақтап қалудасыздар. Алдарыңызға көмек сұрап келген адам ғана медицина қызметкерлерінің науқасқа деген ерекше мейірімін, әр пациентке мұқият қарайтынын қасиеті мен шеберлігін көреді, сезеді. Тәулік бойы, мереке күні де алдыңғы шепте жүрген барлық медицина қызметкеріне шексіз алғыс айтқым келеді. Қазақстандық дәрігерлердің осындай қиын уақытта басымызға түскен ауыртпалықты жеңе алатынына сенімдімін. Мен бұған қазір әріптестерімнің қолында емделіп жатып тағы көз жеткіздім - олар өз ісінің кәсіби шебері. Баршаңызға мың алғыс, - деп жазды өзінің Facebook-тегі парақшасында Елжан Біртанов.
Оқи отырыңыз: