Бүгін Алматыда "Әлем барысы" әлем чемпионаты өтеді

2 Желтоқсан 2019, 11:26
6749
Бөлісу:
Бүгін Алматыда "Әлем барысы" әлем чемпионаты өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда "Балуан Шолақ" Спорт сарайында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Қазақ күресі федерациясы мен "Qazaqstan Barysy" қазақ күресін дамыту және қолдау қорының ұйымдастыруымен қазақ күресінен түйе палуандар арасында "Әлем барысы" әлем чемпионаты өтеді.

Біріншіліктің мақсаты – еліміздің тарихи және мәдени мұрасымен таныстыру, қазақ күресінің беделін көтеру, насихаттау, шет елде қазақ күресін дамыту, ынтымақтастық пен өзара байланысты нығайту, қазақ күресін халықаралық деңгейде одан әрі жетілдіру.

Осымен төртінші рет өтетін бәсекеге 30 елден 33 палуан қатысады. "Әлем Барысы" атануға АҚШ, Австралия, Бразилия, Грекия, Испания, Италия, Камерун, Конго, Корея, Куба, Нидерланды, Пәкістан, Польша секілді алпауыт елдердің атақты палуандары келеді.

Бұл сында ел намысын Айбек Нұғымаров (ШҚО), Руслан Әбдіразақов (Алматы қаласы), Айбат Сейтен (Нұр-Сұлтан қаласы), Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау облысы) қорғайды.

Биылғы доданың жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды. Жеңімпаз атанған палуан 10 млн теңге мен алтын белбеу, екінші орын иегері 6 млн теңге мен күміс белбеу, үшінші орын иегері 3 млн теңге мен қола белбеуге ие болады. Ал "Жеңіске деген жігері үшін" номинациясының иегеріне 1 млн. теңге беріледі.

Сондай-ақ, жылдағы дәстүрге сай жанкүйерлер арасында автокөлік ойнатылады. Билеттерді zakazbiletov.kz сайтында сатып алуға болады. Бағасы 500 теңге мен 2000 теңге аралығында.

Дода 2 желтоқсанда 13:00-де палуандардың жеребе тарту рәсімінен басталмақ. Шара аясында көрермендерге спорттық сайыстармен қатар қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылады.

Чемпионатты Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, сонымен қатар, "Қазақтелеком" АҚ, "ORDA-INVEST" Корпорациясы және "Сәтті жұлдыз" АҚ демеушілік жасайды.

Өзгелердің жаңалығы