Нұр-Сұлтанда мұқтаж жандарға 10 495 азық-түлік себеті таратылды

24 Сәуір 2020, 15:12
2378
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда мұқтаж жандарға 10 495 азық-түлік себеті таратылды
Президенттік қолдау

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен онлайн баспасөз конференция барысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төтенше жағдайлар кезінде табысын жоғалтуына байланысты азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары қалай жалғасып жатқандығын айтты. 

24 сәуірдегі деректер бойынша 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті 243 500 адам алды. Жалпы жәрдемақыны алуға 594 500-нан астам адам өтініш берген. Оның 238 мың өтініміне жәрдемақы тағайындалмады. Нұр-Сұлтан қаласының 30 300 мыңнан астам тұрғыны бұл жәрдемақыдан бөлек азық-түлік, тұрмыстық заттар сатып алу үшін қосымша төлемдер алды, - деді спикер. 
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Елбасының бастамасымен көтерілген "Біз біргеміз" акциясы туралы айтты. 
19 наурыз мен 23 сәуір аралығында елордада халықтың әлеуметтік жағдайы осал топтарына жататын 14 478 отбасына "Нұр Отан" партиясы 50 000 теңгеден әлеуметтік көмек көрсетті. Қазір әлеуметтік қолдаудың екінші толқыны іске асырылып жатыр. 28 мыңнан астам қала тұрғындарына материалдық көмек көрсетіледі, - деді Бақтияр Мәкен.

Сонымен қатар, партия мүшелері, бизнесмендер мен тұрғындардың жалпы мұқтаж жанның жағдайына немқұрайлы қарай алмайтын азаматтардың бірігуімен 10 495 азық-түлік толы себеттер тиісті отбасыларға таратылғандығын айта кетті.  

Айта кеткен жөн, наурыз айының соңынан бүгінгі күнге дейін бір жарым миллионға жуық антисептикалық маскалар бөлінген. Жалпы қалада әртүрлі әлеуметтік іс-әрекеттерге қалалық штабтың 500 еріктілері тартылған.

Өзгелердің жаңалығы