Азық-түлік бағасын шектен тыс көтергендер мониторинг арқылы анықталады

26 Қаңтар 2022, 11:56
1659
Бөлісу:
Азық-түлік бағасын шектен тыс көтергендер мониторинг арқылы анықталады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы облысының Кәсіпкерлік және Индустриялды-инновациялық даму басқармасының Сауда және бағаны реттеу бөлімінің басшысы Айгүл Ыдырысова айтты.

Оның айтуынша, көптеген кәсіпкерлер кәсіпорыннан шыққан азық-түлік бағасына жоғары пайыздық үстеме қосып жатыр. 

Азық-түлік бағасын шектен тыс көтеріп сататындарды мониторинг жасау арқылы анықтап жатырмыз. Сатушылар кәсіпорында өндірілген өнімді жоғары бағада сатып жатыр. Сауданы реттеу жөніндегі заңда бизнес субектісінің бағаны қоюы туралы нақты көрсетілген. Өндіруші тауарды кәсіпкерге жеткізгенде араларында келісімшарт жасалады. Сатушы бағаны қалай қоятынын өзі біледі, бірақ ол өндірілген тауар бағасының 15%-нан аспауы керек, – деді Ыдырысова. 

Сонымен қатар ол әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 19 атауы Үкіметпен бекітілгенін, оны ешкімнің бұзуға қақысы жоқ екенін жеткізді.

Сүт, нан сияқты әлеумекттік маңызы бар азықтардың бағасы көпшілікке қолжетімді болу керек. Мәселен, нан зауытынан жоғары сұрыпты ұннан жасалған нан 95 теңгемен шығады, алайда ол дүкендерде 140 теңге маңайында сатылады. Кәсіпкерлер нанның стратегиялық өнім екенін біле тұра оны жоғары үстемемен сатады. Бұл дұрыс емес, нанға 5, 10 теңге қосса жеткілікті. Дүкен иелері оған 40-50 теңге қосып жатыр, – деді ол. 

Сондай-ақ ол әлеуметтік кәсіпкерлерге азық-түлікке қатысты қабылданған шекті баға ережесін қатаң сақтауды тапсырып, оның барлығы елдегі инфляцияны тежеуге бағытталғанын түсіндірді.

Өзгелердің жаңалығы