Азық-түлік бағасы ауыздықталуы тиіс – экономист

1 Қыркүйек 2022, 18:33
1612
Бөлісу:
Азық-түлік бағасы ауыздықталуы тиіс – экономист

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қаржы және есеп кафедрасының аға оқытушысы, экомика ғылымдарының кандидаты Мәди Байдәулетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақтан халқына Жолдауында айтылған бастамалар турасында пікірін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент былтырғы Жолдауында тәуелсіздіктің төртінші онжылдығының оңай болмайтынын ескерте келе, Үкімет пен Ұлттық банкке мемлекеттік бюджет қаражатын басқару тұжырымдамасын дайындауды, инфляция деңгейін 4-6 пайызға түсіруді тапсырған болатын. Азық-түлік бағасын өндірушілерден бастап бірыңғай баға орнату қажет екенін де, бағалауға жауапты мемлекеттік реттеу жүргізу тапсырылатынын да айтқан еді. Инфляцияның рекордтық деңгейге жетіп 14 пайызға жуықтауы, азық-түлік бағасының шарықтап кетуі, қант өнімінің қатты қымбаттап, орташа бағасы 86,6 пайызға өсуі, қаңтар оқиғасының салдары жедел түбегейлі шешуді талап етіп отырған мәселелерді айқындап берді, — деді Мәди Байдәулетов.

Ол Президент биылғы Жолдауында қордаланған мәселелерді жаңа экономикалық саясат құру арқылы шешу жолдарына тоқталғанын атап өтті. Тұрақтылықтың заңдық жүйеленуіне, инвестиция тартудың мақсатына, нәтижесіне және дифференциялық салық жүйесіне көшудің қажеттігіне, салық тиімділігін арттырудың маңыздылығына, тексерудің көптігіне тоқтала келе, бюджет саясатында Ұлттық қордың қаражатын алуды тоқтатуды, игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыру, бюджет мәселесін қабылдау керектігін атап, мемлекеттік сатып алу заңын қабылдау керектігіне назар аударды.

Елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін өнім өндірушілерге жер керек екенін, жер телімдерін бөлу нормаларын анықтаудың қажет екенін, субсидия бөлуді инфрақұрылымның көлеміне сәйкестігін қамтамасыз етудің олқы тұстарына тоқталды. Үкіметтің баяу қимылдауы салдарынан шекер мен жанар-жағармайға байланысты мәселелердің туындағанын да атап өтті. Су тапшылығының жылдан-жылға сезіліп, ауыл шаруашылығын дамытуға, жалпы, тіршілікке кері әсерін тигізбеуі үшін суды үнемді пайдалану керектігі айтылды. Ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін 2,9 миллион гектар жер қайтарылғанын, тағы 5 миллион гектар жердің қайтарылатынына тоқталды,  — деді сарапшы.

Экономист елдегі ең үлкен мәселенің бірі – жол сапасына да тоқтала кетті.

«Жол – экономиканың күретамыры» десек, бұл мәселеге бейжай қарауға әсте болмайды. Мемлекет басшысы кезекті жолдауында жол мәселесіне тағы да тоқталып өтті. Жолдауда 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсартуға тапсырма берілді. Осы тапсырманы тікелей бақылауға алу Үкіметке жүктелді. Аса ірі көлемде мұнай өндіретін елімізде жол құрылысында аса қажет битум тапшылығының бар екенін сынап өтті. Тіпті ұят жағдай екенін айтып, Үкіметке аталған мәселені түбегейлі шешуді тапсырды, — деп сөзін түйіндеді Мәди Байдәулетов.

Өзгелердің жаңалығы